САЙЛАУ-2015: Кандидат Ә.Құсайынов Петропавлда «Қызылжар су» ұжымымен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Петропавл қаласында «Қызылжар су» ЖШС ұжымымен кездесу өткізді.
None
None

Серіктестік жұмысшыларымен кездесу барысында Әбілғазы Құсайынов экологиялық мәселелерді қамтыған өзінің сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен таныстырды.

Ә.Құсайынов жиынға қатысушыларға жаһандық экологиялық қызметтің негізгі векторлары туралы баяндап, табиғатты қорғау мәселесінде ғылымның маңызына ерекше тоқталды. Бұл - экологиялық қауіпсіздік, климат пен су ресурстарын, «жасыл» технологияны зерттеу жұмыстарын қоса алғанда, бірталай міндеттер кешенін қамтитын маңызды мақсат.

Кандидаттың айтуынша, әлемде күні бүгінге дейін экологиялық проблемаларға тиісті назар бөлінбей келеді. Халықаралық қауымдастықтар мен мамандандырылған ұйымдардың атқарып жатқан экологиялық жұмыстары конференция, талқылаулар, шешімі жоқ даулармен ғана шектеліп отыр.

Ал әлемде табиғат қойнауын тиімсіз пайдалану, гендік қор мен биологиялық әртүрліліктің азаюы топырақтың құнарсызданып, судың ластануына, жалпы, қоршаған ортаның құлдырауына алып келуде.

Сондай-ақ, кандидат әлемдік өнеркәсіптің қарқынымен артып отырған техногендік апаттардың алдын алу мәселесіне арнайы тоқталып өтті.

Ә.Құсайынов атап өткендей, жер жүзінде адам пайда болып, оның өркениеті өскен сайын, биосфера эволюциясында жаңа - антропогендік фактор іске қосылды. Адам биосфераны жеке қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін пайдалана бастады.

Алайда, қоршаған ортаны қаншалықты өзгертуге тырысқанымызбен, Жер бетіндегі тіршілік табиғаттың қатаң заңына бағынып дамиды. Сондықтан адамзат өркениеті тұрақты даму үшін осы заңдар мен қағидалардан ауытқымауы керек.

«Табиғатпен үйлесімді өмір сүру - адамның Жер бетіндегі өмір салтының негізгі қағидасы», - деп атап өтті Әбілғазы Құсайынов.

Оның айтуынша, ғылым, техника мен технологияның сапалы жаңа байланысын қалыптастырған ХХ ғасыр қоғамның табиғатқа әсер ету күшін арттырып, адамзатқа бірқатар өзекті әрі өткір міндеттер жүктеді.

Сол себепті, Ә.Құсайыновтың пікірінше, табиғат қойнауын тиімді әрі жоспарлы пайдалану, қоршаған ортаны ластанудан қорғау, мемлекеттік бақылаудың жоспарлы жүйесін енгізу әр азаматтың басты міндетіне айналуы тиіс.

Ә.Құсайыновтың сайлауалды тұғырнамасының тағы бір маңызды бағыты - өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері.

Кандидаттың айтуынша, өнеркәсіптік қауіпсіздік дегеніміз - өнім мен өндірістің қауіпсіздігі, көп деңгейлі стандарттау мен сертификациялау туралы техникалық регламенттерді, нормаларды қатаң ұстану.

«Менің мақсатым - осы нормалардың ашық және дұрыс орындалуына қол жеткізу.

Қауіпті өндіріспен айналысатын барлық ұйымдар өз жұмысшыларының, нысандары мен қоршаған ортаның қауіпсіздігіне жауапты болы керек.

Барлық кәсіпорындар өз жұмыстарын қоршаған ортаға ықпалы мейілінше аз болатындай етіп жүргізулері керек», - деп қорытты Әбілғазы Құсайынов.

Сонымен қатар «Қызылжар су» бірлестігінің жұмысшылары алдында республикалық штаб жетекшісі Рүстем Жоламан сөз сөйледі.

Р.Жоламан экологиялық түйткілдердің маңыздылығына тоқталып, оны дер кезінде шешу қажеттігін атап өтті.

«Біз туындаған экологиялық сын-қатерлерге дер кезінде тойтарыс беріп, қоршаған ортаның ластануы, су мен топырақтың құнарсыздануы сынды мәселелерді тез арада шешуіміз керек. Ең бастысы, бұл проблемалардың туындауына жол бермеу маңызды. Бұл жерде азаматтардың өзі саналы түсіністік танытулары қажет.

Біз экология туралы білімді, қауіпсіз әрі экологилық таза ортада өмір сүру қағидаларын, табиғат пен адамзатты қоршаған айнала туралы білімді қоғам санасына сіңіре білуіміз керек», - деп атап өтті Р.Жоламан.

Соңғы жаңалықтар