САЙЛАУ-2015: Кандидат Н.Назарбаевтың РҚШ мүшелері Павлодар облысының кәсіпорындарында болды

Делегация құрамында Республикалық қоғамдық штаб басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Қазақстан патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, «Бiрлiк» партиясының төрағасы Серик Сұлтанғали, Халық банкі Директорлар кеңесінің төрағасы А.Павлов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚХА мүшелері Олег Дымов, Роман Ким, «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының мүшелері М.Пішембаев, М.Бегентаев, А.Нұркина және т.б. бар.
Павлодар қаласында штаб мүшелері Н.Ә.Назарбаевтың жақтастары - Қазақстан электролиз зауытының металлургтерімен, «Қазақстан Алюминийі» АҚ, Ақсу ферроқорытпа зауытының және Еуроазиялық энергетикалық корпорацияның кеншілерімен, энергетиктерімен, сондай-ақ Екібастұздағы «Богатырь Көмір» ЖШС кәсіпорнының жұмысшыларымен кездесті.
Сонымен қатар РҚШ мүшелері Павлодар өңірінің үкіметтік емес секторы өкілдерімен және «Луганск» ауылындағы Мәдениет үйінде өндірістік кооператив жұмыскерлерімен де кездесу өткізді.
Алғашқы кездесу Қазақстан электролиз зауытында өткен болатын. Осы зауыттың ашылуы кезінде 7 жылдан астам уақыт бұрын Н.Назарбаев: «Мен металлург ретінде осындай зауыт туралы армандаған едім. Енді Қазақстан шикізатты өндіріп, сатып қана қоймай, бәсекеге қабілетті өнімді өндіріп, әлемдік нарыққа шығарады», деген болатын. Осылайша 2009 жылы қазақстандық алюминий Лондон металл биржасында ресми тіркелді, ал 2010 жылы дүниежүзілік деңгейдегі «Еуропалық сапа» наградасына ие болды.
Республикалық қоғамдық штаб басшысы М. Құл-Мұхаммед Елбасының үнемі қолдауының арқасында Павлодар облысы Қазақстанның индустриялық-инновациялық экономикасының беткеұстар өңіріне айналғанына тоқталып өтті. «Қуатты алюминий өндірісі, жаңа мыс қорыту алпауыты, Ақсу ферроқорытпа зауыты және осы электролиз зауыты әрбір павлодарлық отбасының әл-ауқатын қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан сіздер осындай қамқорлық көрсеткені үшін жауап ретінде біздің Көшбасшымызға дауыс бересіздер деп сенемін», - деп атап өтті РҚШ басшысы.
Павлодарлықтар Н.Ә. Назарбаевқа үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы үшін алғысын білдірді, оның ауқымында соңғы 5 жылда ғана облыста 94 жоба жүзеге асырылуда және 11000-нан астам жаңа жұмыс орындары ашылды.
«Елбасы өзінің еңбек жолын қарапайым металлургтен бастады. Сондықтан ол сіздердің еңбектеріңіздің бағасын, сіздердің арман-мүдделеріңіз бен ұмтылыстарыңызды, сіздердің өзекті проблемаларыңызды жақсы біледі. Еңбек адамы - Мемлекет басшысы саясатының, Бірлік, Бейбітшілік пен Келісім саясатының тірегі. Біз алдағы сайлау біздің Көшбасшымыздың төңірегіне топтасқанымызды тағы да көрсететініне сенімдіміз! Елбасы үшін дауыс бере отырып, біз тұрақты, гүлденген және күшті Қазақстан үшін дауыс береміз!», - деп атап көрсетті Екібастұз қаласындағы «Богатырь Көмір» ЖШС жұмысшыларымен кездесу барысында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.
Ақсу электр стансасындағы энергетиктер еңбек әулетінің өкілі Светлана Махмұдова оның энергетиктер әулетінің жалпы еңбек өтілі 100 жылдан асатынын атап өтті. Қазақстан Тәуелсіздігі жылдарында кәсіпорында жаңа технологиялар енгізілуде, өндіріс жаңаруда. Мұның барлығы Елбасының саясаты, Қазақстанда экономиканың өсуі, бейбітшілік пен тұрақтылықтың арқасында мүмкін болды.
Н.Ә. Назарбаевтың кандидатурасын қолдап, «Ақ жол» саяси партиясының басшысы Азат Перуашев, «Бірлік» партиясының басшысы Серік Сұлтанғали және Патриоттар партиясының басшысы Ғани Қасымов сөз сөйледі.
Кездесулерге мыңға тарта павлодарлықтар қатысты. Өз сөздерінде олар Мемлекет басшысының саясаты арқасында жаһандық экономикадағы дағдарысқа қарамастан, Қазақстанда жаңа кәсіпорындар ашылып жатқанын, инновациялық технологиялар енгізілуде екенін және қазақстандықтар жұмыспен қамтамасыз етілгенін, ертеңгі күнге сеніммен қарайтынын атап көрсетті.
Павлодарлықтар Нұрсұлтан Назарбаевты еліміздің шынайы жалпыұлттық Көшбасшысы деп санайды. «Ол - бейбітшілік пен келісімнің, біздің жоспарларымыздың жүзеге асуының, мемлекеттің тұрақты прогресінің кепілі. Ұлтты топтастыра білген және оны ел алдында тұрған міндеттерді жүзеге асыруға жұмылдыра білген Көшбасшы. Біз 2015 жылғы 26 сәуірде республиканың игілігі мен инновациялық дамуы үшін дауыс береміз деп мәлімдейміз, яғни бұл Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үшін дауыс береміз, деген сөз», - деп атап көрсетті өңір тұрғындары - Қазақстан Президенттігіне кандидат Н.Ә. Назарбаевтың жақтастары.