САЙЛАУ-2015: Кандидат Н.Назарбаевтың РҚШ мүшелері Семей жұртшылығымен кездесті

Делегация құрамында - Республикалық штабтың жетекшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Қазақстанның Патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов, «Ақ жол» Демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, «Біірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали, Қазақстандық мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекова, Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақытжан Ертаев, Төлеген Ибраев, Нұртай Сәбильянов, Қазақстанның күрес федерациясының құрметті президенті Дәулет Тұрлыханов және басқалар болды.
Абай атындағы кітапханадағы кездесу кезінде Семей тұрғындарының Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше ілтипатпен қарайтыны атап өтілді. Өйткені, ол Семей полигонындағы ядролық сынақтарға тоқтау салды.
«Ядролық полигонды жаба отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлемге ол үшін ең бастысы: туған халқының өмірі, денсаулығы, мақсат-мұраттары мен болашағы екенін көрсетті. Осы ұлы қадамы үшін семейліктер бүкіл әлемде ядролық қаруға қарсы қозғалыстың танылған көшбасшысы біздің Елбасымызға президенттік сайлауда шын жүректен қолдау көрсететініне сенімдімін», - деп атап көрсетті Республикалық қоғамдық штабтың жетекшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Кездесу барысында «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты бизнестің жаһандық экономикалық тұрақсыздыққа қарсы тұруына мүмкіндік береді, ал бес институциональдық реформалар орта таптың одан әрі жедел қарқынмен қалыптасуына жағдай туғызады», - деп атап өтті.
Семей активі алдында сөз сөйлеген Патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов Нұрсұлтан Назарбаевты еліміздің басты патриоты деп атады. «Сондықтан республикамыздың барлық патриоттары Елбасына дауыс береді», - деп мәлімдеді Ғ. Қасымов.
«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев: «Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында Қазақстанда шағын және орта бизнес дамып, кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалған», - деп атап өтті.
«Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды әлемдік көшбасшы елдер қатарына қосқан кемеңгер қайраткер екеніне тоқталып өтті.
Семей тұрғындары шығыс өңірді қарқынды дамып келе жатқан аймаққа айналдырғаны үшін, сондай-ақ жаңа жұмыс орындары, озық кәсіпорындар құрылып, заманауи тұрғын үй кешендері мен сапалы жолдар салынып жатқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа шын жүректен алғыстарын жеткізді.
Атап айтқанда, 2014 жылдың өзінде ғана өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі 8 пайызға жуық артты, Елбасының үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 10 бірдей жоба іске асырылды, соның арқасында 600 жұмыс орны құрылды. Барлығы өткен жылы Семейде 6500 адам жұмыспен қамтылды.
Кездесу кезінде кәсіпкерлер Мемлекет басшысы тарапынан тұрақты қолдаудың арқасында өңірде машина жасау өндірісі қарқын алып келе жатқанын атап өтті. Бір жылдың ішінде тракторлар, автобустар және автомобильдер өндірісінің көлемі екі есе өсті. Бұл салада 12 пайыздан астам өсім байқалды.
Жергілікті кәсіпкерлер РҚШ мүшелеріне «Нұрлы жол» президенттік бағдарламасының ауқымына әсерленгенін айтты, оның арқасында бүкіл елде жол және әлеуметтік инфрақұрылым сапалы жаңаратын болады.
Семей тұрғындары Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды күшті, тәуелсіз және гүлденген мемлекетке айналдырғанын мәлімдеді.