САЙЛАУ-2015: Кандидат Т.Сыздықов Қостанайда «Баян Сұлу» кондитер фабрикасының ұжымымен кездесті

Кездесу барысында кандидат Сыздықов өзінің сайлауалды тұғырнамасының басты бағыттарымен таныстырды.
Алдымен, ол Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясының қызметі ғылыми социализм идеялары, маркстік-лениндік ілім мен прогрессивті қоғамдық ойларға негізделіп құрылғанын атап өтті.
«Біз қоғамдық дамудың біртұтас материалистік теориясы ретінде марксизм-ленинизмнің ғылыми және идеологиялық негіздеріне сүйеніп қызмет атқарамыз.
Марксизм коммунистер үшін - қоршаған әлемнің өзгеруімен бірге үнемі дамып отыратын, қоғамның дамуындағы қордаланған және жаңа деректерді ой елегінен өткізетін шығармашылық ғылым.
Алға қойылған мақсаттарға жету үшін марксизм-ленинизмді және Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясының бағдарламалық шарттары мен оның қызметін насихаттау қажет», - делінген Т. Сыздықовтың сайлауалды тұғырнамасында.
Сонымен қатар, Тұрғын Сыздықов өзінің сайлауалды тұғырнамасының тағы бір қағидаты - батыс мәдениетінің теріс ықпалы жайында мәселе көтерді.
«Руханилықтың мәнін түсіретін батыс құндылықтары мақсатты түрде астамшыл тұтынушылық сана қалыптастыруда», - деп атап өтті өз сөзінде.
Адамның психикасы мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін ақпараттық ықпалдар бар.
Мысалы, жай ғана компьютерлік ойыншықтардың өзі психика мен денсаулыққа кері әсерін тигізеді», - деді Сыздықов.
«Еуропалық елдерде тұтынушылық қоғам құрылымдарының қалыптасуынан туындаған батыстық мәдениет дағдарысы батыстық өркениеттің әмбебап құндылықтар мен әлеуметтік тұрмыс-тіршілік нормаларына деген наразылықтарына қарама-қайшы келуде», - делінген кандидаттың сайлауалды тұғырнамасында.
Сондай-ақ кездесу барысында Қостанай облыстық комитетінің бірінші хатшысы Алпысбай Әлімбаев жиналған жұртты аймақтық сайлауалды штабтың жұмысымен таныстырды.
«Біздің штаб кандидатты қолдау бойынша қажетті ақпараттық және үгіт жұмыстарын жүргізуде. Біздің штабта 5 сенімді тұлға бар, олар насихат материалдарын тарату және халықпен кездесуді ұйымдастыру жұмыстарын атқаруда».