САЙЛАУ-2015: Президенттікке кандидат Ә.Құсайынов Алматыда «Белкамит» ЖШС кәсіпорны мен №7 балалар емханасының ұжымдарымен кездесті

Әбілғазы Құсайынов кездесулерге қатысушыларды өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырды, олардың өзектісі - экология мәселелері.
Ә.Құсайыновтың айтуынша, бүгінде адамзаттың ең өзекті проблемалары - Жердегі климаттың өзгеруі, әуе алабының ластануы, озон қабатының бұзылуы, тұщы су қорының азаюы және Әлемдік мұхит суларының және жердің ластануы, топырақ қабатының бұзылуы, биологиялық әралуандықтың азайып бара жатуы және басқалары.
Бұл пробемларды кешіктірмей шешу - адам баласының басты міндеті, бұл оның одан әрі өмір сүруінің және ойдағыдай дамуының кепілі.
Ә.Құсайынов ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасырдың басы - бұл бұрын-соңды болып көрмеген экономикалық өсімнің қарқынды даму кезі болғанын атап өтті. Алайда экономиканың буырқанып өсуі көп жағдайда қоршаған табиғи ортаның мүмкіндіктері тиісті есепке алынбай, оған шаруашылық жүктемесінің шамадан тыс болуымен жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде қоршаған табиғи орта азып-тозып бара жатыр.
Табиғат пайдалануды ұқыпсыз жүргізу, табиғи ортаның қалдықтармен ластануы, геноқордың және биологиялық әралуандықтың азаюы қоршаған табиғи ортаның және адам өмір сүретін ортаның азып-тозуына әкеп соғады.
Табиғатты ұқыпсыз пайдалану салдарынан қоршаған табиғи ортаның азып-тозуына мысал ретінде Ә.Құсайынов жер ресурстарының жұтауын келтірді.
Топырақ қабатының нашарлауы үдерістері салдарынан жыл сайын 7 млн. гектарға жуық құнарлы жер әлемдік ауыл шаруашылығы айналымынан шығып қалуда. Бұл үдерістің басты себептері - қала салудың өсуі, су және жел эрозиясы, сондай-ақ химиялық (ауыр металдармен, химиялық қосылыстармен ластануы) және физикалық (кен, құрылыс және басқа жұмыстардың әсерінен топырақ қабатының бұзылуы) азып-тозуы.
Ә.Құсайыновтың пікірінше, атмосфераның шаң тәрізді және газ секілді қалдықтармен ластануы, минералдық отынның және биомассаның жануымен, сондай-ақ кен, құрылыс және басқа да жермен жұмыстармен тікелей байланысты шығарындылар үлкен алаңдаушылық туғызуда.
Қоршаған орта проблемалары қырларының бірі ретінде Ә.Құсайынов биологиялық әралуандықтың азайып бара жатқанын атады.
Жердің биологиялық әралуандығы 10-20 млн. түр шамасында болады деп бағалануда. Бұл салаға келтірілген залал елеулі болып отыр. ХХ ғасырдың екінші жартысында геноқордың қысқару үдерісі шұғыл жеделдеді және қазіргі осы үрдіс ХХІ ғасырда да сақталатын болса, біздің ғаламшардағы қазір өмір сүріп жатқан биологиялық түрлердің бестен бірі мүлдем құрып кетуі мүмкін.
Ә.Құсайыновтың пікірінше, бүгінде адам тұтастай алғанда ғаламшардың экологиялық дамуын басқару функциясын өзіне алуға қабілетті.
Экологиялық тепе-теңдікті сақтауға алғашқы қадам жасау үшін Ә.Құсайынов Жер Сағаты акциясына қатысуды ұсынды. Жер Сағаты акциясы жыл сайын 28 наурызда өткізіледі және онда бір сағатқа бүкіл ғаламшардағы бөлек электр көздері сөндіріледі. "Бұл орасан зор электр энергиясын үнемдеуге, табиғатты адамның шаруашылық қызметінің зиянды әрекетінен сақтауға мүмкіндік береді. Біздің команда бұл акцияға қосылуға әзір", - деп атап өтті Ә.Құсайынов.
Сондай-ақ "Белкамит" ЖШС және емхана еңбек ұжымдарымен кездесуде Ә.Құсайыновтың республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Рүстем Жоламан сөз сөйледі.
Р.Жоламан республикалық штаб қызметін ұйымдастыру туралы әңгімеледі, таяудағы кезеңге арналған жоспарын таныстырды.
Р.Жоламанның айтуынша, ҚР президенттігіне кандидат Ә.Құсайынов келесі сапарын Қостанай қаласында өткізбек.
Ол сондай-ақ кандидаттың жоспарында Қазақстанның бірқатар өңірлерінде болу, сайлаушылармен кездесу және оларға өзінің сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарын жеткізу көзделіп отырғанын атап өтті. ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайынов адам өмірінің ең маңызды мәселелерінің бірі - экологияны және ғаламшардағы биологиялық әртүрлілікті сақтау мәселесіне жұртшылықтың назар аударуға ниетті.