Сайлау күні белгіленді, саясат сахнасының көрігі енді қызады

АНА. 4 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2011 жылдың алғашқы айының соңғы аптасы һәм ақпанның басы еліміз үшін санқилы саяси жаңалықтарға толы апта ретінде есте қалатыны сөзсіз. Бір аптаның ішінде «референдум мәселесіне» нүкте қойылып, Елбасы кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.
None
None

Айналдырған 2-3 күннің ішінде Парламент Қазақстанда мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізуді қарастыратын конституяиылық заңды қабылдап, оған Президент қолын қойып, заңдық күшіне енгізіп те үлгерді. Бүгін Мемлекет басшысының 3 сәуір күні ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы Жарлығы шығып, Орталық сайлау комиссиясы сайлауға қажетті тиісті іс-шараларды қамтамасыз етуге кірісіп кетті. Сөйтіп, алдағы ұлы науқанның межесі белгілі болды. Ертең, 5 ақпаннан бастап ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына кандидаттарды тіркеу басталмақ. Сөйтіп, келесі аптадан бастап ауқымды саяси науқан басталмақшы. Ендеше осынау мезгілінен бұрын, кезегінен тыс өткелі отырған саяси науқан алдында кешегі жәйттарға көз жүгіртіп өтсек.

2010 жылдың желтоқсаны аяқталар тұста елдің шығысынан бастау алған референдум мәселесі аз ғана уақыт ішінде бүкіл қоғамның пікір білдіру тақырыбына айналды. Шығыстағы құрылтай негізінде құрылған бастамашы топтың жиыны заңды деп танылып, кейіннен белгіленген заңдық тәртіп­пен қол жинауға кіріскен тұста заң шығарушы билік те өзінің пәрменін танытқан еді. Сонда барып Елбасы өз пікірін ашық біл­діріп, Парламенттің конституциялық бастамасын қабылдамай тастаған болатын. Ел­ба­сы қар­сылығын білдірген Жарлық шыққан күні сол мәселені Конституцияның 91-ба­бы­ның 1-тармағына сәйкес қарау үшін Пар­ламенттің бірлескен отырысы шақырылды. Сөйтіп, бұқаралық бастаманы аяқсыз қал­дыр­мау­дың қамына бел шеше кіріскен Парламент Елбасының қарсығылын конституциялық жолмен еңсеруді көздеді. Сол сәтте ре­фе­рендум өткізу жөніндегі бастамашы топ 5 миллион­нан астам қазақстандықтың қолдары қо­йыл­ған па­рақ­тарды Орталық сайлау комиссиясына тап­сырды. Баста­машылар Елбасынан өтініп, сайлау құ­қығына ие азаматтардың 50 пайыздан астамының атынан Парламентке Үндеу тастады. Осы арада «Қазақстан-2020» жалпыұлттық демократиялық күштер коа­ли­циясы құрылып, елдегі азаматтық қоғам институт­та­ры, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар, биз­нес қауымдастығы бірігіп, бұқаралық бастаманың то­лық жүзеге асуын жақтайтынын танытты. Сөйтіп, Мем­ле­кет басшысының қарсылығын еңсеру арқылы мил­лиондаған қазақстандықтың ерік-жігерін жүзеге асы­ру үшін Парламент бірлескен отырыста арнайы заң қабылдауы қажеттігі зорая түскен болатын. Осы Конституцияға өзгерістерді қамтыған заң 14 қаңтарда қабылданды. Алайда, Парламент қабылдаған заңын тағы бір сүзгіден өткізіп, оның конституциялық сәйкестігін зерделеу мақсатында Президент құжатқа қол қоймастан, оны сол күні-ақ Конституциялық кеңестің қарауына жолдаған болатын.

Конституциялық кеңестің көпшілік күтпеген шешімі осы аптада, 31 қаңтарда қабылданды. Кеңес Парламент қабылдаған заңды Ата Заңға қайшы деп тапты. Өйткені, депутаттардың Консти­туцияға ен­гіз­ген өзгерісінде ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының өкілеттігі қанша мерзімге ұзар­­тылатыны анықталмапты. Мұндай ше­шім­нің бірреткі немесе тағы да қайта­ла­натын сипатта болу мүмкіндігіне де назар аударылмаған. Бұл ретте Мемлекет бас­шы­сының сайлаудан толығымен бас тартуы көз­делетіні де анық жазылмаған. «Консти­ту­циялық норманың анық жазылмауы Конституцияда көзделген мемлекеттік және қоғамдық институттардың тең­сіздігіне әкеп соғуы мүмкін. Бұдан бөлек Конституциялық Кеңес заңның оның салдарымен байланысты заңнамалық нақтылық талаптарына сай болуы тиістігін бірнеше мәрте қайта­ла­ған болатын. Яғни, барлық нормалар жеткілікті деңгейде нақты болып, заңның әрқалай түсіндірілуіне жол берілмеуі керек еді. Сондықтан да Парламентпен 14 қаң­тарда қабылданған және Мемлекет бас­шы­сының қол қоюына ұсынылған «ҚР Консти­туциясына өзгеріс пен толықтыру ен­гізу туралы» ҚР Заңының 1-тармағы, Негізгі Заң­ның 1-бабы 2-тармағына үйлес­пей­ді», - деген мәлімдеме жасалды.

Алайда, Кон­­сити­туциялық Кеңес заңды Негізгі Заң­ға сәйкес емес деп танығанымен, референдумды жоққа шығара алмаған. Соңғы сөзді де Елбасының еншісіне қалдырып еді. Конституциялық кеңестің шешімі шыққан күні Президент Қазақстан халқына Үндеу арнап, өз ұстанымын білдірді, кесімді сөзін де айтты. «Бір жағынан, мен сайлаушылардың басым көпшілігін құрайтын бүкілхалықтық бастаманы кері қайтара алмаймын. Мәселенің екінші қыры, мен Елбасы және Конституцияның кепілі ретінде болашақ саясаткерлерге жаңылыс бағыт сілтейтін іске жол бере алмаймын. Сондықтан мені халық дұрыс түсінеді деп сенемін. Біз бұл жайтты жай «қабылдау немесе бас тарту» ретінде емес, өмірдің өзі ұсынған демократияның тарихи сабағы деп қабылдағанымыз жөн. Бұл - Елбасы мен халықтың Ата Заңға адалдығын бағамдайтын тағылымды дәріс. Демократиялық жолмен сайланған Тұңғыш Президент ретінде еліміздің биік мүдделерін басшылыққа ала отырып, мен референдум өткізбеу туралы шешім қабылдадым. Жұртшылықты бөлетін «референдум әлде сайлау» деген таңдаудың орнына мен халқымыздың еркі мен демократия­лық қағидаттарға адалдығын ескеретін және бізді біріктіретін жолды ұсына­мын. Мен өкілеттігімнің екі жылға қыс­қаратынына қарамастан, мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс енгіземін», - деген Мемлекет басшысы сол күні-ақ Парламенттің қарауына кезектен тыс Президент сайлауын қамтитын заң жобаларын ұсынды. Парламент те тартынып қалмады. Қауырт жұмысқа жұмылған халық қалаулылары апта бойы дамыл көрмей, алдымен Конституцияға енгізілген өзгерістерді бірлескен отырыста қабылдап, кейіннен кезектен тыс сайлауды қамтаамсыз ететін конституциялық заңды әдеттегі заң шығару үдерісімен қабылдады. Кезектен тыс президенттік сайлаудың заңдық тетігін қамтамасыз ететін заң Елбасының алдында да көп жатқан жоқ. Бірден күшіне енді.

Заңнамалық үдерістер толық жүзеге асқаннан соң, Орталық сайлау комиссиясы да іске кірісіп, 3 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі шаралардың күнтізбелік жоспары бекітті. Соған сәйкес, Президенттікке кандидаттарды ұсыну 2011 жылғы 5 ақпанда басталып, 20 ақпанда аяқталады. Ал Президенттікке кандидаттарды саяси партиялар мен республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсына алады. Сондай-ақ, заңға сәйкес азаматтар өздерін-өздері ұсынуға құқылы. Сайлаушылардың Президенттікке кандидатты қолдауы олардың қол жинауы арқылы расталады. Президенттікке кандидат әрбір азамат ең аз дегенде еліміздің 14 облысының 9-ының қолын, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларының атынан теңдей өкілдік ететін 91 мың қол жинауы тиіс.

Айта кетейік, ҚР Конституциясына сәйкес, ел Президентін Қазақстан Республикасының азаматтары жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы 5 жыл мерзімге сайлайды. Президент болып туғаннан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген және Қазақстанда соңғы 15 жыл бойы тұратын азамат сайлана алады.

Әзірге, жұрт білетін бір ғана кандидат айқын. Ол - ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н. Назарбаев. Сарапшылардың басым бөлігі референдум мәселесі бойынша-ақ сайлауға құқы бар электораттың 50 пайыздан астамының қолдауын алған Мемлекет басшысының бұл жолы да халықтың кеңінен қолдауына ие болатынын айтады.

Соңғы жаңалықтар