Сайлау өткен күні Жетісу облысында төрт ұл, төрт қыз өмірге келді
АСТАНА. KAZINFORM — 29 қарашада, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өткен күні Жетісу облысында сегіз сәби дүниеге келді. Олардың төртеуі — ұл, төртеуі — қыз. Бұл туралы Kazinform тілшісі хабарлады.
Талдықорған қаласы мен Көксу, Ескелді және Панфилов аудандарындағы сегіз отбасы үшін бұл күн ерекше есте қалмақ. Енді қоғамдық-саяси оқиғамен тұспа-тұс келген 29 қараша олардың отбасында жаңа өмірдің басталған күні ретінде де аталып өтеді.
Медицина мамандарының мәліметінше, аналар мен нәрестелердің жағдайы жақсы. Қазір олар дәрігерлердің бақылауында болып, қажетті медициналық көмек алып жатыр.
2026 жылдың алғашқы он айында Жетісу облысында барлығы 6 972 сәби дүниеге келген. Оның 3 672-сі — ұл, 3 300-і — қыз. Осы кезеңде 58 егіз және бір үшем дүниеге келген.
Айта кетейік, Алматы облысында сайлау күні 25 сәби дүниеге келді.