Сайлауалды тартыста біздің ортақ мақсатымыз - партия міндеттерінің терең мағынасын әрбір сайлаушыға, әрбір қазақстандыққа жеткізу - Н.Назарбаев

ТАНА. 25 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Әлемдегі кез-келген саясат, ықпалдастық әрекеттері, жаһандық маңызы бар оқиғалар ақпарат құралдарының көмегімен ғана тиімді, ықпалды. Бұны өмір көрсетіп отыр. Жаһандану үдерісі өрбіген сайын ақпарат құралдарының ықпалы бұрынғыдан да арта түсуде. Ендеше XXI ғасырдың ақпарат ғасыры атануы да тектен-тек емес.
None
None

Бүгінде әлем ақпарат құралының қаншалықты қуатты қару екенін жете түсінген елдер бұл саланың қызметіне ерекше назар аудара бастады. Бұны біз осы аптаның басында елордада «Тәуелсіздіктің 20 жылы: БАҚ және қоғам» деген тақырыппен өткен екі күндік Еуропа мен Азия медиасының алтыншы форумында тағы бір рет көз жеткіздік. Айта кетейік, аталмыш жиын негізінен Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырып ұйымдастырылған. Осыған қарай форумда бұқаралық ақпарат құралдары, оның әлемде орын алып отырған оқиғаларға ықпалы, экономика саласында алатын орны, медиа кеңістігіндегі проблемалар, ақпарат құралын мемлекетте орын алған оқиғаларды шешуде қалай пайдалануға болады деген сияқты мәселелер сөз болды. Осы мәселелердің барлығы Қазақстан Тәуелсіздігімен байланыстыра да айтылды. Дегенмен жиын барысында ақпарат саласында қалыптасқан жаһандық деңгейде маңызы бар көптеген түйткілді мәселелер ашық айтылды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей басшысы Владимир Медведевтің медиафорумға құттықтау хатын жолдауы жиынның маңызын арттыра түсті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның 20 жылдық Тәуелсіздік тарихында Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерін жақындастыруда жетекші рөл атқарып келгендігін айтады. «Осы жұмыстардың нәтижесінде әлемге Еуразиялық экономикалық қоғамдастығы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Кедендік Одақ сияқты ұжымдар дүниеге келді. Осының барлығы да біздің елдердің келісім мен ынтымақтастығының болашағы зор екендігін білдіреді. Осымен 6-шы рет өткізіліп отырған еуропалық және азиялық медиафорум бұқаралық ақпарат құралдарын дамытудың беделді пікірталас алаңына айналды. Мұндай кездесулер ТМД кеңістігінде ықпалдастық үдерістерді жетілдіруге ықпал етеді», - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында. Ал Ресей басшысы Дмитрий Медведев құттықтауында бұл форумның бастамалары тәжірибеде талап етіліп, халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықтың дамуына зор үлес қосып келе жатқандығын айтады. Сондай-ақ Ресей басшысы қазіргі таңда коммуникациялар мен жаңа технологиялардың қарқынды дамып отырған жағдайында бұқаралық ақпарат құралдарының аудиториясы айтарлықтай ұлғайғандығын жеткізді.

Жиын барысында медиакеңістікте қалыптасқан күрмеуі көп келелі мәселелер бірнеше секцияларға бөлініп қарастырылды. «Тұрақсыз эко­но­микадағы медиаиндустрия» тақырыбындағы секция барысында тұрақсыз экономика жағдайында бұқаралық ақпарат құ­ралдарының басты міндеті туындауы мүмкін тәуекелдер мен теріс салдарлардан хабардар ету екендігі айтылды. Сондай-ақ онда «Московский комсомолец» газеті бас директорының орынбасары Сергей Рогожкин бұқаралық ақпарат құралдарының азаматтық жауапкершілігі басты назарда болуы керектігін айтты. «Интернеттегі мемлекеттік реттеу және оның медиаларға әсер етуі» тақырыбындағы секцияда Беларусь елінен келген өкілдер өз елдерінде Интернетке ешқандай да мемлекеттік қадағалаудың жоқтығын, өйткені, желі саяси жағдайға еш­қандай да әсер етіп отырмағандығын ортаға салды. Қазіргі таңда бұл ел хал­қының саны 10 миллион болса, соның 60 пайызға жуығы Интернетке еркін кіре алады екен. Интернетті бақылауға алу­дың астарында негіз болуы шарт. Мысалы, Молдовада провайдерлерге ақпараттардың жарты жылға дейін сақталуын міндеттейтін заң қабылданған. Бұл өз кезегінде кім ақпаратты қайдан алғандығын дәлелдеуге қажет көрінеді. Ал Украина өкілі өз сөзінде негізінен Интернеттегі сынды болдырмау үшін шенеуніктер желіні мықтап қадағалауға алып жа­татынын көлденең тартты. Алайда, олар­дың өздері соңғы кезде әлеуметтік желілерге әуес болып алған. Сол желі­лер арқылы көптеген сындар мен ескертпелерді де естуде. Бұл өз кезегінде сол ше­неуніктердің уақыт талабына сай бо­луы­на ықпал ететіндігі баса айтылды. Сондықтан да, Интернетке тәуелді немесе тәуелсіз мемлекеттер деген пікір де қа­лыптасып отыр. Қазіргі таңда Интернет сол елдің салт-дәстүрін, режімі мен қо­ғамын көрсететін айнаға айналды. Сондай-ақ «Қабырғаға - қабырға» пікірталасы бойынша «Әлеуметтік желілер: ХХІ ғасырдың ғажайыбы ма, жоқ әлде соры ма?» деген тақырып жан-жақты талқыға салынды. Интернет қазіргі кезде неге үлкен сұранысқа ие, деген сұраққа жауап ізделді. Жарыссөзге қатысушы­лар­дың пікірінше, Интернетті, ең алдымен ғалымдар әріптестерімен пікір алмасу үшін пайдалана бастаған. Қазіргі таңда бұл жеке әуеске айналып шыға келді. Басқа жағынан қарағанда, Интернет ашық кітапхана рөлін де атқаруда. Оның тиімділігін айтқанда, жедел әрі тегін ақпарат алуға мүмкіндік бар. Еуропа мен Азия медиа­сы­ның проблемалары мен жетістіктерін тал­қы­ға салған екі күнге созылған форум соңында қорытынды құ­жат талқыланып, қабылданды.

***

Апта басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысына сапар жасады. Онда Президент Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай салынған Қарағандыдағы жаңа спорт кешендерінде болды. Мемлекет басшысы теннис орталығы, бокс орталығы және мұз айдыны сарайын көріп, Қазақстан Тәуелсіздік мерейтойын экономикада және әлеуметтік салаларда үлкен табыстармен қарсы алып отырғандығын айтты. «Егер тәуелсіздігіміз болмаса, мұндай нысандар да болмас еді», - деп атап өткен Президент жастарды спортпен белсене айналысуға шақырды. «Қазіргі заманда өмір өте күрделі. Тек қана білімі мен денсаулығы бар адам ғана жеңіске жетеді», - деді Елбасы. Мемлекет басшысы сапар барысында Қарағандыдағы жаңа мешітке де барып, «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамында болды.

***

Кеше Украина Премьер-Министрі Николай Азаровтың елімізге алғашқы сапары аясында елордада Қазақстан-Украин бизнес-форумы өтті. Іскерлік ынтымақтастық саласын жетілдіруге бағытталған бұл форумда екі елдің үкімет басшылары экономикалық ықпалдастықты жетілдіруге бағытталған бірқадау мәселелер жөнінде өзара пікір алмасты. Жиын барысында Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов укариналық әріптесін жылы жүзбен қарсы алып: «Украина бізге өткел, терезе болады және ол арқылы Қазақстан Еуропаға қарай өте алады деп қатты үміттенеміз. Ал біз сіздерге өз есігімізді ашып отырмыз, біз арқылы сіздер азиялық елдермен қазіргіден де тығыз ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік аласыздар»,-деп атап көрсетті.

Азия өңірінде бүгінде көшбасшы саналатын Қазақстан сияқты мемлекеттің Үкімет басшысынан мұндай ұсыныс әрине укариналықтарды бей-жай қалдырмаған. Н.Азаров К.Мәсімовтың ұсынысын қабыл алып, өз кезегінде Қазақстан тарапынаУкраинаның транзиттік мүмкіндіктерін пайдалану мәселесін қарастыруға шақырды. Қазақстанның Үкімет басшысы атап өткендей еліміз бүгін өз тауарларын Ресей арқылы тасымалдайды. Ғарыш саласы бойынша еліміз солтүстік көршісімен жақынырақ. Бұл бағыттағы үдеріске енді Украина қосылса игі болады. Сондықтан да болар Қазақстанның Үкімет басшысы жиын барысында ғарыш бағытында «Үштік одақ» құрсақ деген ойы бар екендігін білдірді. Өйткені бұл болашағынан зор үміт күттіретін перспективалы бағыт. Сондай-ақ Қазақстан мен Украина атом энергетикасы саласы бойынша да ықпалдасуға мүдделі. Дегенмен бұл үдерістен ресейліктер де тыс қалмауы керек. Әр елдің өзіндік мүмкіндіктері бар және бір елде бардың екіншісінде жоқтығын ескере келгенде үш ел біріксе, жақсы жетістіктерге қол жеткізуге болады.

Форум барысында Қазақстан мен Украина үкіметінің басшылары сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған құжаттың мерзімін ұзартты. Жиында көтерілген тағы бір маңызды мәселе Украина Қазақстанның Үдемелі индустрияландыру бағдарламасына қатысатын болды.

***

Сондай-ақ кеше Орталық сайлау комиссиясы өзінің кезекті отырысын өткізіп, осы уақыттағы еліміздегі ең маңызды саяси науқан барысында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. ОСК алдымен Мемлекет басшысының Жарлығымен тағайындалған бірқатар сенаторларды тіркеді. ОСК Икрам Адырбеков, Мұхтар Алтынбаев, Берік Имашев, Қайрат Мәми, Бауыржан Мұхамеджанов, Ерлан Нығматулин, Людмила Полторобатькоға Парламент Сенатының депутаты деген куәліктер мен омырауға тағатын белгілерін табыс етті.

Сондай-ақ ОСК мәслихат депутаттығына кандидаттардың республикалық бюджет қаржатынан жабылатын шығыстарының нормативтерін бекітті. Осы нормативке сәйкес, Астана мен Алматы қалалық мәслихаттарының депутаттығына кандидат ретінде тіркелген әрбір үміткерге үгіт шаралары мен көлік шығындарына 349 мың теңге, ал қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттығына кандидаттар үшін 179 мың теңге бөлінетін болады. Бұдан бөлек әрбір тіркелген мәслихат депутаттығына кандидат сайлауалды үгіт жүргізу үшін өзінің сайлау қорын құра алады. Сондай-ақ ОСК алдағы сайлауда қолданылатын сайлаушылар тізімінің нысаны мен учаскелік сайлау комиссиясының сайлау учаскесінің ашылуы туралы хаттамасының нысанын бекітті. Бұған қоса Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы бойынша, сайлау бюллетеньдерін «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Банкнот фабрикасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындайтын болып шешілді. Мәслихат депутаттарын сайлау бойынша сайлау бюллетеньдерін төрт өңірлік ұйым басып шығаратын болды. Әзірге мәслихат депутатының сайлауына қатысуға 10 адам ғана өтініш беріп отыр.

***

Бүгін Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Нұр Отан» ХДП-ның кезектен тыс 14-съезі өтті. Онда партияның төрағасы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, алдағы Парламент Мәжілісінің сайлауында «Нұр Отан» партиясы басым дауыс алып, Қазақстан халқының үлкен қолдауына ие болатынына сенетінін жеткізді. «Нұр Отан» партиясының съезі біз үшін мерейлі меже. Ол ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында өтіп отыр. Біз жасампаз 20 жылда 100 жылға татитын ұлан-ғайыр жолды басып өттік. Арайлы азаттық арқылы қол жеткізілген жетістіктің баршасында «Нұр Отан» партиясының сүбелі үлесі бар. Төңірегіне мұратты серіктерін топтастырған партия Тәуелсіздік жылдары қоғамды жаңа жобаларға жұмылдыра білді. Шын мәнінде халықтық ұйымға айналған «Нұр Отан» менің бастамаларыма қолдау көрсетіп, іргелі істердің ұйытқысы болды. Осылайша біз биік белестерді бірге бағындырдық», - деді Н.Назарбаев. Сонымен қатар, Президент жаңа жылдан кейін елімізде Парламен Мәжілісінің сайлауы өтетінін, бұл жолы Мәжіліспен бірге жергілікті мәслихаттар сайлауы да болатынын атап өтті. «Сайлау қорытындысы бойынша Конституцияға сәйкес біздің Мәжіліс кемінде екі партиядан тұруы керек. Еліміздің саяси партияларына алғаш рет осындай мүмкіндік беріліп отыр. Бұл сайлаудың жауапкершілігі мен жүгін арттырып, саяси партиялар арасында шынайы бәсекелестікті қыздыра түседі.. Мен ел болашағын айқындауға мүмкіндік беретін осы сынақта Қазақстан халқы қолдау көрсетіп, «Нұр Отан» партиясы басым дауыс алады деп кәміл сенемін», - деді партия төрағасы.

Елбасы сөзінде «Нұр Отан» нақты істердің партиясы болғандығын және алдағы уақытта өз мақсат-міндеттерін орындай беретіндігін қадап айтты. «Біздің сайлауалды тұғырнама "Қазақстан-2020» стратегиялық жоспары мен «Қазақстан-2030» стратегиясының құрамдас бөлігі. Сайлауалды тартыста біздің ортақ мақсатымыз - партия міндеттерінің терең мағынасын әрбір сайлаушыға, әрбір қазақстандыққа жеткізу. Бізге, яғни, «Нұр Отан» партиясына тек жеңіс керек. Бұл жеңіс біздің белгіленген бағдарламаларды орындауды жалғастыруға және біздің азаматтардың әл-ауқатын жақсартудағы бағыттарға қажет», - деп атап өтті Елбасы.
«Тәуелсіздіктің үшінші онжылдық тарихы бүгін басталып отыр. Сондықтан да 15 қаңтардағы Парламент Мәжілісінің сайлауы біздің болашағымыздың шынайы шағы деп айтуға болады. Мен қазақстандықтардың біздің «Нұр Отан» партиясына жалпыхалықтық қолдау көрсететініне сенімдімін», - деді Мемлекет басшысы.

Жиында Президент партияның алдына нақты-нақты бірқатар міндеттер қойды. Сондай-ақ Елбасы алдағы болатын Мәжіліс депутаттарының сайлауына «Нұр Отан» партиясы ұсынуға болатын азаматтардың аттарын атады. Олардың тізімінде елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, өнер адамдары, шығармашылық саласының өкілдері бірқатар облыс башсылары мен министрлер және еліміздегі бірқатар ведомство басшылары бар.

Соңғы жаңалықтар