Сайлауалды тұғырнаманың міндеттері мерзімінен бұрын орындалуда - «Нұр Отан» партиясы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сайлауалды тұғырнама көрсеткіштерінің басым бөлігі мерзімінен бұрын орындалды.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанада Сайлауалды тұғырнаманың бағыттары бойынша сараптамалық топтардың қызметіне арналған баспасөз мәслихатында «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты Стратегия және мониторинг департаментінің директоры Сәруар Кенжеболат мәлім етті.

«Сайлауалды тұғырнаманың іске асырылуын қамтамасыз ету сараптамалық топтарда қаралып жатыр. Тұғырнаманы жүзеге асыруға ықпал ететін заңнамалық немесе бағдарламалық мәселелерді де осы сараптамалық топтарда қарайды. Сондықтан партиялық тәлімгерлер (куратор) өзінің бағыты бойынша Сайлауалды тұғырнаманың орындалуын қамтамасыз етулері тиіс. Жалпы алғанда 3,5 жыл бойынша іске асыру нәтижелеріне тоқталатын болсақ, 70 пайыздай көрсеткіштер қазір сәтті орындалуда»,-деді С. Кенжеболат.

Осы орайда ол мерзімінен бұрын орындалған көрсеткіштер де бар екенін атап өтті. Мәселен, үш жарым жыл қорытындылары бойынша инфляция, Ұлттық қордың активтері, жұмыссыздық деңгейі және басқа да маңызды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер тұрғысында Сайлауалды тұғырнаманың міндеттері уақытынан бұрын орындалуда.

Партия Төрағасының тапсырмасы бойынша Сайлауалды тұғырнаманың жүзеге асырылуын бақылауды күшейту мақсатында партияның халыққа берген сайлауалды уәделерін орындау және мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық бақылау орнату үшін партиялық тәлімгерлер институты құрылған болатын. Бүгінде Сайлауалды тұғырнаманың бағыттары бойынша 15 партиялық тәлімгер қызмет етуде. Олардың міндеттері - Сайлауалды тұғырнаманың жүзеге асырылуын қадағалауды ұйымдастыру, сондай-ақ осы құжаттың бағыттары бойынша қызмет ететін сараптық топтар жұмысын үйлестіріп, сәйкес ұсынымдар әзірлеу болып табылады.

«Білім және ғылым», «Ұлт денсаулығы», «Жұмыспен қамту және халықтың табысы», «Жасыл экономика», «Азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру», «Мемлекеттік басқару жүйесі», «Сот және құқық қорғау жүйесі» сияқты Сайлауалды тұғырнаманың бағыттары бойынша қызмет ететін сараптық топтардың жыл басынан бері жалпы саны 25 отырысы өтті.

Өз кезегінде Сайлауалды тұғырнаманың «Ұлт денсаулығы» бағыты бойынша партиялық тәлімгері, ҚР Парламент Мәжілісіндегі партия Фракциясының мүшесі Надежда Петухованың сөзіне қарағанда, партия, Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі және жергілікті атқарушы органдардың біріккен күшімен Сайлауалды тұғырнама көрсеткіштерінің басым бөлігі мерзімінен бұрын орындалып үлгерген. Олардың қатарында, орташа өмір сүру ұзақтығы, азаматтардың, балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтырумен және спортпен жаппай шұғылдануы, денсаулық сақтау нысандарын салу және басқа да бағыттар қамтылған.

Соңғы жаңалықтар