Сайлауда барлығына тең құқықтар мен жағдайлар қамтамасыз етіледі - Т. Охлопкова

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Он күннен кейін елімізде маңызды саяси науқан - ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттардың сайлауы өтеді. «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкованың «Тең құқықтар мен жағдайлар қамтамасыз етіледі» деген тақырыппен берілген мақаласы жарияланды. Мақалада партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға және мәслихаттар депутаттығына кандидаттарға сайлау нау­қа­ны­ның барлық кезеңдерінде тең жағдай­лардың жасалуына кепілдік беретін және қамтамасыз ететін конституциялық және заңнамалық нормалар түсіндіріледі.

***

Әрбір сайлауға қаты­су­шының сайлау туралы заңнаманың негізгі ережелерін белгілі бір дәрежеде білуі тиіс екені анық. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Конституция мен сайлау туралы заңнаманың нормаларын түсіндіру жұмысының түрлі нысандары мен әдістерін қолданады.

Осы мақаланың мақсаты - сіздерді пар­тиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға және мәслихаттар де­пу­таттығына кандидаттарға сайлау науқаны­ның барлық кезеңдерінде тең жағдай­лардың жасалуына кепілдік беретін және қамтамасыз ететін конституциялық және заңнамалық нормалармен таныстыру.

Сіздердің кез келген сайлау негізделетін қағидаттармен таныс екендеріңіз дау­сыз. Жалпыға бірдейлік, теңдік, сайлау құ­пиясы, тікелей дауыс беру - бұл әр аза­маттың сайлаудағы мәртебесін, жағдайын ай­қын­дайтын сайлау құқығының халық­аралық қағидаттары.

Сайлауға белсенді сайлау құқығына ие, 18 жасқа толған Қазақстан Республикасының барлық азаматтары қатысады. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ, сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.

Сондай-ақ, сайлауды ұйымдастырудың оның демократиялылығының негізін қалаушы ұйымдастырушылық, оның ішінде әлеуметтік жағдайларды сипаттайтын жалпы қағидаттары да бар. Сайлау құқығының демократиялық қа­ғидаттары сайлау бостандығын, таңдаудың болуын, кандидаттардың баламалылығын, жарыспалылығын, бәсеке­лес­тігін, сай­лау­дың мерзімділігі мен тұрақ­тылығын, сон­дай-ақ саяси партиялар мен кандидат-тар мүмкіндіктерінің теңдігін қамтиды.

Демократиялық сайлауды өткізудің қағидаттары 1948 жылғы Жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясында, 1996 жылғы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде, 1990 жылғы Копенгаген құжатында, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының «Қоғамдық істерге қатысу құқығы, сайлау құқықтары және мемлекеттік қызметке тең қол жеткізу құқығы» туралы 1996 жылғы 25 Жалпы түсіндірмесінде және басқа да халықаралық құжаттарда баяндалған.

Осылайша, Халықаралық пактіде «әр азаматтың қандай да бір кемсітушіліксіз және негізсіз шектеулерсіз жалпыға бірдей, жасырын дауыс беру арқылы тең сайлау құқығы негізінде өткізілетін және сайлаушылардың еркін ерік білдіруін қамтамасыз ететін шынайы мерзімді сайлауда сайлану құқығы мен мүмкіндігі болуға тиіс» екені айқындалды.

Сайлау процесі - сайлау жүйесінің негізгі элементтерінің бірі және ол бірнеше кезеңнен тұратынын атап көрсеткен маңызды. Сайлау процесінің кезеңдері белгілі бір ұйымдастырылу, тұрақтылық, тұрлаулылық және болжамдылық деңгейін қамтамасыз ететін нормалардың қалыптасқан жүйесімен реттеледі.

Кез келген сайлау процесінің алғашқы кезеңі - бұл сайлаудың тағайындалуы. Дауыс берудің бірыңғай күнін белгілеу сайлау науқанына қатысушылардың барлығы үшін сайлауды уақтылы өткізудің кепілдігі болып табылады және оларды тең жағдайларға қояды.

Сіздерге 2016 жылғы 20 наурызда Қазақстанда партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің 98 депутатын және барлық деңгейдегі мәслихаттардың 3335 депутатын жалпыға бірдей, жасырын дауыс беру арқылы тең және төте сайлау құқығы негізінде сайлау болатыны белгілі.

Биылғы жылғы 21 наурызда Пар­ла­мент Мәжілісінің 9 депутатын сай­лау бойынша Қазақстан халқы Ассам­блея­сы­­ның кезектен тыс XXIII сессиясы өткі­зіледі.

Қазақстан Республикасының Конс­ти­туциясы мен сайлау туралы заңнамасында сайлауға қатысатын саяси партияларға қойы­­­латын талаптардың Ассамблея сайлай­­­тын Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттығына кандидат­тарға қойылатын талаптармен бірыңғай екені туралы дәйек ешкімнің таласын тудырмас.

Саяси партиялар мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың партия­лық тізімдерін ұсыну және тіркеу кезеңдері уақыт шеңберлерімен айқындалған. 19 ақпанда 6 саяси партияның партиялық тізім­дерін тіркеу аяқталды. Саяси партия­лардың партиялық тізімдеріне енгізілген барлық адамдар Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ретінде тіркелді.

23 ақпанда Қазақстан Республикасының 213 мәслихатының депутаттығына кан­дидат­тар тіркелді. 3335 сайлау округі бой­ынша 11 мың 541 адам ұсынылды, ал мәс­ли­хаттар депутаттығына 10 мың 825 канди­дат тіркелді.

Партиялық тізімдерін ұсынған пар­тияларға, Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттығына кандидаттарға тіркелу кезін­де бірдей талаптар қойылады, оларға сай тиісті сайлау комиссиялары тіркеуді партиялар мен кандидаттар Сайлау туралы Конституциялық заңда айқындалған құжаттар тізбесін белгіленген мерзімдерде ұсынғаннан кейін жүзеге асырады.

Дауыс беруге екі күн қалғанда пар­тиялық тізімге енгізілген адамды одан шығару туралы шешім қабылдауға, кандидатты тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға немесе бұрын тіркеуден алынған кандидатты қалпына келтіруге болмайтынына сіздердің назарларыңызды аударамыз.

Кандидаттар қызметінің кепілдіктері Сайлау туралы Конституциялық заңның 47-бабында қамтылған. Олар кандидат­тар тiркелген күнiнен бастап сайлау қоры­тындысы жарияланғанға дейiн жұмыс­тан, әскери қызметтен және әскери жиынд­ардан босатылуға құқылы екеніне негіз­делген. Кандидаттарды олар тiр­келген күннен бастап және сайлау қоры­тындылары жарияланғанға дейiн өздерiнiң келiсiмiнсiз жұмысынан босатуға, басқа жұмысқа немесе лауазымға ауыстыруға, сондай-ақ, iссапарларға жiберуге не әскери жиындарға шақыруға болмайды. Кандидаттардың сайлауға қатысқан уақыты тiркелген күнге дейiн оның жұмыс iстеген мамандығы бойынша еңбек өтіліне есептеледi.

Бұл бапта Мәжіліс депутаттығына кандидаттарға ғана қатысты кепілдіктер белгіленген. Осылайша, қылмыс үстінде ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайлардан басқа кезде, кандидаттарды олар тiркелген күннен бастап және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейiн, сондай-ақ, олар Мәжіліс депутаты ретiнде тiркелгенге дейiн Орталық сайлау комиссиясының келiсiмiнсiз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

2016 жылғы 20 ақпаннан бастап пар­тиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар үшін, ал 24 ақпаннан бастап мәсли­хаттар депутаттығына кандидаттар үшін 18 наурызда 24 сағатта аяқталатын сайлау алдындағы үгіт кезеңі басталады.

Пікірлер плюрализмі мен көппар­тия­лылықтың қазіргі заманғы жағдайларында сайлау алдындағы үгіттің рөлі күрт артып отыр. Саяси партиялар мен кандидаттар мүмкіндіктерінің теңдігі, ең алдымен, олардың материалдық және ақпараттық ресурстарының шамалас теңдігін жорамалдайды. Мұндай теңдікті кез келген пар­тия үшін сайлау өткізуге барынша жоғары шығыстар деңгейін белгілеу, ұйым­дар мен жекелеген адамдардың партия­лардың және кандидаттардың сайлау қор­ларына жарналарының мөлшерін шектеу, оларға теңдік қағидаттарының негізінде бұқаралық ақпарат құралдарында тегін уақыт беру және т.б. есебінен қамтамасыз етуге болады.

Әрине, сайлау алдындағы үгітті норма­тивтік-құқықтық реттеу - бұл партиялар мен кандидаттар қызметінің тең жағ­дай­лары мен кепілдіктерін қамтамасыз ететін жалғыз ғана құрал емес. Көпші­лігі әлеуметтік, саяси және әлеуметтік фак­торларға да байланысты. Алайда, құқық­тық реттеусіз болмайды, өйткені, ол қалыпты ұйымдастырылған үгіт науқаны­ның негізгі шарты болып табылады.

Партиялар мен кандидаттардың сай­лау қорларын құруға тең құқығын қарастырайық. Саяси партияның сайлау қоры­ның ең жоғары сомасы - 342 млн. 885 мың тең­геден, ал мәслихаттар депутаттығына кан­ди­даттардың сайлау қорының ең жоғар­ғы сомасы - 13 млн. 715 мың 400 теңге­ден аспауы тиіс.

Өзін өзі ұсыну жолын таңдай отырып, мәслихаттар депутаттығына кандидаттар осылайша өз сайлау қорының рұқсат етілген мөлшерін 13 млн. 715 мың 400 теңгеден 9 млн. 143 мың 600 теңге­ге дейін қысқартатынын айтып, қарсы уәж келтіруге болады. Ал қоғамдық бірлес­тік­терден ұсынылған және олардың мүше­лері болып табылатын мәслихаттар депу­та­т­тығына кандидаттар осы қоғамдық бір­лес­тіктердің 4 млн. 571 мың 800 теңге мөлшеріндегі қаражатын пайдалана алады.

Иә, бұл - шындығында да солай. Со­нымен бір уақытта, бастапқыда-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ретінде ұсыныла отырып, тең жағдайларда болады. Қоғамдық бірлестіктен немесе өзін өзі ұсыну жолымен ұсынылу тәсілін тек кандидаттың өзі ғана айқындайды, басқа ешкім емес.

Әрине, қаржылық фактор сайлау нау­қаны кезеңінде соңғы рөл атқармайды. Пар­тияның немесе кандидаттың ақшалай қаражаты қаншалықты көп болса, олардың жеңіске жету мүмкіндігі де соншалықты көп.

Сайлау туралы Конституциялық заң­да партиялық тізімдерін ұсынған партияларға және мәслихаттар депутаттығына кандидаттарға сайлау науқанын жүргізуде, сайлау алдындағы үгітті өткізуге және олардың мүдделерін білдіруде көмек көрсететін олардың сенім білдірген адамдарының санын белгілеу кезінде тең жағдайлар жасау көзделген. Партиялар мен кандидаттардың тиісті сайлау округіндегі әрбір сайлау учаскесіне саны үш адамнан аспайтын сенім білдірген адамдары болуға құқылы.

Бара-бар өкiлдiк жүйесi бойынша партиялық тізімдер негізінде сайланатын Мәжіліс депутаттарын сайлау кезінде Қазақстан Республикасының бүкiл аумағы бiртұтас жалпыұлттық сайлау округi болып табылады. Бізде 9840 сайлау учаскесі құрылды. Тиісінше, әрбір партияның 29 мың 520-дан аспайтын сенім білдірілген адамы болуға тиіс.

Сайлау туралы Конституциялық заңда мемлекеттік органдардың кандидаттар болып тіркелген немесе тіркелген партиялық тізімге енгізілген лауазымды адамдарына олардың лауазымдық немесе қызметтік жағ­дайының артықшылықтарын пай­дала­нуға тыйым салу бөлігінде бірыңғай та­лап­тар қойылатынын атап өткен маңыз­ды. Қан­дай артықшылықтар туралы сөз болмақ.

Кандидаттың немесе пар­тиялық тiзiмін ұсынған саяси партияның сайлануына септiгiн тигiзетiн қызметтi жүзеге асыру үшiн мемлекеттiк орган орналасқан үй-жай­ды пайдалану, егер өзге кандидаттарға, саяси партияларға аталған үй-жайды осын­дай шарттармен пайдалануға кепiлдiк беріл­месе, артықшылықтардың бірі болып табылады.

Екінші артықшылық - мемлекеттік ор­гандардың лауазымды адамдарының өздеріне бағынышты адамдарды сайлау алдындағы үгіт жүргiзуге тартуы. Аталған адамдар лауазымды адамдардың сенім білдірілген адамдары ретінде тіркелген жағдайда ғана оларды сайлау алдындағы үгітті жүргізуге тартуға рұқсат етіледі.

Республикалық бюджет қаражатынан кандидаттар және партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар туралы Орта­лық сайлау комиссиясы белгілеген мәлі­мет­тердің стандартты жинағымен бірыңғай пішімдегі, сайлау комиссиялары мен дауыс беруге арналған үй-жайларда орналастырылатын ақпараттық плакаттарды дайындауға ақша бөлінетініне сіздердің назарларыңызды аударғым келеді.

Сайлау туралы заңнамада кандидат­тар мен партияларға бұқаралық ақпарат құралдарына кедергісіз және тең қол жет­кізу құқығы берілген. Аталған нормаларды іске асыру шеңберінде Ортсайлауком БАҚ-тардың сайлау науқанының барлық кезеңдері мен рәсімдерін жария ету кезіндегі қызметін бақылауды жүзеге асырады.

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетімен бірлесіп 16 рес­публикалық телеарнаға, 12 радио­арнаға, 48 республикалық газетке, 15 журналға, 31 өңірлік телеарна мен 174 өңірлік газетке, сондай-ақ, 162 ең танымал қоғамдық-саяси интернет-ресурсқа күн сайын мониторинг жүргізіп отырады.

Мониторинг нәтижелері мемлекеттік БАҚ-тардың жаңалық және талдау бағдарламаларында партиялық тізімдерді ұсыну мен тіркеу процесінің, сондай-ақ, партиялар ұйымдастыратын сайлау алдындағы іс-шаралардың тең жариялануын қамтамасыз ететінін растап отыр. Олардың үгіттік баспа, бейне және дыбыс материалдары тең жағдайда орналас­тырылуда.

Саяси партиялар олар үшін Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын теле­дидардағы саяси пікірталастарға қатысу арқылы тегін эфир уақытын алу құқығын пайдалана алады.

Мәслихаттар депутаттығына әрбір кан­дидатқа мемлекет БАҚ-та өз бағдарламаларымен сөз сөйлеу үшін, үгіттік баспа материалдарын шығару үшін, сайлаушылармен кездесулер үшін үй-жайларды жалға алу ақысын төлеу үшін және көліктік шығыстар үшін бірдей қаражат бөлінуіне кепілдік береді. Ортсайлаукомның қау­лысына сәйкес облыстық, Астана және Ал­маты қалаларының депутаттығына канди­датқа үгіт іс-шаралары мен көліктік шығыс­тарына республикалық бюджет қара­жатынан 245 мың теңге, ал қалалық және аудандық мәслихаттың депутат­тығына кандидатқа 153 мың теңге бөлінді.

Бұқаралық ақпарат құралдары бар­лық тіркелген кандидаттар мен саяси партияларға олар үшін шарттық негізде эфир уақыты мен баспасөз бетінен орын беру кезінде тең жағдайлар жасауға тиіс.

Егер БАҚ кандидаттардың, саяси пар­тияның біріне эфир уақытын, баспа­сөз бетінен орын беруге келісім берсе, онда бұл басқа кандидаттарға, саяси партияларға эфир уақытын, баспасөз бетінен орын беруге келісу болып табылады.

Әкімдіктер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары кандидаттар мен сая­си партияларға бірыңғай және бірдей жағдайларда шарттық негізде сайлаушылармен кездесулері үшін үй-жайлар береді. Кандидаттардың бөлінген үй-жайда сайлаушылармен кездесулер кестесін сайлау комиссиялары жергілікті атқарушы органдармен және жергілікті өзін өзі басқару органдарымен бірлесіп жасайды және бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

Тең құқықтар қамтамасыз етілетін жағ­дайларда кандидаттар мен саяси партия­лардың үгіттік баспа материалдары әкім­діктердің тиісті сайлау комиссияларымен бірлесіп айқындалған жерлерде орналас­тырылады.

Сонымен қатар, кандидаттар мен партиялар үгіттік баспа материалдарын тиісті нысанның меншік иесінің рұқсатымен өзге жерлерде орналастыруға құқылы.

Кандидаттар мен партиялар шығарған барлық үгiттік баспа материалдарына қойылатын бірыңғай талап олардың осы материалдарды шығарған ұйым, олар басылған жер мен таралымы, тапсырыс берген адамдар, қандай қаражаттан төленгені туралы мәлiметтерді қамтуға тиiс екендігіне негізделген.

Yгiттiк баспа материалдарын Қазақ­стан­ның аумағынан тысқары жерлерде дайындауға, анонимдiк үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.

Сайлауды әзірлеу мен өткізу барысын қоғамдық бақылауды ұйымдастыру, тең жағдайларды қамтамасыз ету про­це­сінде басты рөл азаматтық қоғам инс­ти­­туттарына, прокуратура орган­дарына, байқаушыларға, сенім біл­ді­рілген адамдарға, бұқаралық ақпарат құрал­дарына және біздің еліміздің азаматтарына тиесілі екені даусыз.

Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасының, сайлау құқығының халықаралық қағидаттарының талаптарын сақтай отырып, еркін, демократиялық сайлау өткізу, кепілдіктердің сақталуы мен сайлау науқанының қатысушылары үшін бірдей жағдайлардың жасалуын бақылау - бұл, міне, сайлау комиссиялары мен өзге де сайлау ұйымдастырушылардың жұмысы бағынған негізгі өлшемдер.

Татьяна Охлопкова,

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі.

Соңғы жаңалықтар