Сайлауда мерекелік көңіл-күйді көріп, ел жағдайы жақсы екенін аңғардық - Италия байқаушысы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Италия елінен келген байқаушылар елордадағы бірнеше сайлау учаскелерін аралап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Италия Парламенті спикерінің орынбасары Этто Розатто елордада өткен баспасөз мәслихатында қазір таңда қазақ халқы маңызды кезеңге аяқ басқалы отырғанын мәлім етті.

«Дәл қазір және дәл осы жерде Қазақстанның келешектегі көшбасшысы таңдалып жатыр. Шетелдік байқаушылар ретінде сайлау барысын бақылап қайттық. Бірнеше сайлау учаскелеріне барып, халықпен, шетелдік делегаттармен, тіпті президенттікке кандидаттардың өзімен тілдесіп үлгердік. Әлбетте, сайлау қорытындысынан хабарымыз жоқ. Алайда әр сайлау учасесіндегі ұзын-сонар кезекті көру - өте жақсы белгі деп айтар едім. Бұл жағдай осы елде демократия жақсы дамығанын көрсетеді», - деді Этто Розатто.

Байқаушы өз сөзінде Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуға Италия қашан да мүдделі екенін жеткізді.

«Қытай мен Ресей арасында орналасқан Қазақстан қазіргі уақытта ойлы саясат жүргізіп отыр. Саясаттың осынау тепе-теңдігінің маңызы өте зор», - деді байқаушы.

Италиядан келген тағы бір байқаушы, Италия Республиксаның сенаторы Антонио Мизяни сайлау - Қазақстан үшін маңызды қадамдардың бірі екенін атап өтті.

«Сайлау жоғары деңгейде өтіп жатыр. Біздің ойымызша, процес таза ұйымдастырылған. Біз барған сайлау учаскелерінде халықтың көптеп келіп жатқанын көрдік. Халықтың көбі мерекелік көңіл күйде жүр. Бұл дегеніміз халықтың жағдайы жақсы екенін көрсетеді», - деді Италия сенаторы.

Айта кетсек, сайлау туралы пікірін осы уақытқа дейін Польша, Румыния, Ресей елдерінің байқаушылары білдірген болатын.

Осы уақытқа дейін Қазақстан сайлаушыларының 65,9 пайызы дауыс беріп үлгерді.

Еске сала кетсек, бүгін Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлау процесі өтіп жатыр. ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында ел ішінде және шет елдерде 9 968 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар