Сайлаудан кейінгі алғашқы мәртебелі мейман: Тоқаев Әзербайжанға не үшін барады

илхам әлиев
Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Президенті 11-12 наурызда Әзербайжанға мемлекеттік сапармен барады. Екі күнге созылатын сапарда Мемлекет басшысы Президент Ильхам Әлиевпен келіссөз жүргізеді және қазақ-әзербайжан жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысына қатысады. Екі елдің өзара қарым-қатынасы және Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға сапарынан не күтуге болатынын Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Саяси ынтымақтастық

Қазақстан мен Әзербайжан 100-ден астам құжатты (соның ішінде мемлекетаралық шарттарды, үкіметаралық келісімдерді, конвенцияларды, хаттамаларды, меморандумдарды және ведомствоаралық құжаттарды) қамтитын ауқымды құқықтық база бар.

Көпжақты форматта тараптар халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберінде байланыс орнатқан.

Екіжақты қарым-қатынас 2005 жылғы Стратегиялық әріптестік және одақтастық қатынастар туралы шартқа, 2022 жылғы Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық ынтымақтастықты тереңдету туралы декларацияға сәйкес дамып келеді.

«Қазақстан мен Әзербайжан арасында достық және тату көршілік қарым-қатынастар дамыған. Сондай-ақ, екі мемлекет халықаралық құқықтың, егемендік пен аумақтық тұтастыққа қол сұғылмаушылық қағидаттарын қатаң сақтауға міндеттенетін халықаралық қатынастардың жауапты субъектілері ретінде белгілі», — деп сипаттады қос елдің байланысын ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы Болат Әуелбаев.

Өзара сауда байланысы $529 миллионнан асты

2023 жылы Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы өзара сауда көлемі 529,4 миллион доллар болды. Бұл - өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (463,4 миллион доллар) 14,3 пайызға жоғары.

Бұл ретте Қазақстаннан Әзербайжанға экспорт осы кезеңде 21,7%-ға өсіп, 456,3 млн долларды құрады. Әзербайжан Қазақстанға импорт 17,3%-ға азайып, 73,1 млн долларды құрады.

Тауар айналымының бұл көлемі екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастардағы бүкіл кезеңдегі тарихи максимум болып саналады.

Екіжақты экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Әзербайжан үкіметаралық комиссиясының жұмысы ықпал етіп келеді.

Қазақстанда Әзербайжан капиталы бар 1065-ке жуық компания, Әзербайжанда қазақстандық капиталы бар 150-ге жуық компания тіркелген. ҚР Ұлттық банкінің деректеріне сүйенсек, 2005-2023 жылдары Әзербайжаннан тартылған инвестициялар көлемі 3 380,8 млн доллар болды.

Әзербайжан өңделген өнімді экспорттауға дайын

Әзербайжан нарығы қазақстандық өңделген өнімдерді экспорттауға үлкен қызығушылық танытып отыр. Қазақстан құны шамамен 300 миллион доллар болатын 100-ден астам шикізат емес тауарларды жеткізуге дайын.

Осыған байланысты тікелей коммерциялық келісімшарттар жасалатын сауда өкілдіктерін алмасу тәжірибесі тиімді. Соңғы осындай миссия 2023 жылдың сәуірінде Бакуде 55 миллион доллар тұратын 8 келісімшартқа қол қоюмен аяқталды (батареялар, болат табақ, азық-түлік).

инфграфика
Фото: Kazinform

Транзит және көлік ынтымақтастығы

Екі ел де Азия-Еуропа бағыты бойынша және керісінше жүктерді жеткізуде маңызды рөл атқарады. Транскаспий халықаралық көлік жолына (TMTR немесе Орта дәліз) басымдық беріледі.

Бүгінде TMTR жалпы өткізу қабілеті 6 млн тонна немесе жылына 80 мың контейнер болып отыр. Өнім ассортименті — түсті металдар, қара металдар, химия өнімдері, мұнай, мұнай өнімдері, бидай, құрылыс өнімдері, темір рудалары, халық тұтынатын тауарлар және т. б.

Сарапшы Болат Әуелбаевтың айтуынша, Каспий теңiзiн ортақ болуы мультимодальды тасымалды қажет етеді.

Қазіргі халықаралық экономикалық және сауда қатынастары тізбегіндегі мемлекеттердің орналасу геосаясатының өзі өнеркәсіп, көлік дәліздері және логистикалық хабтардан тұратын тиімді байланыстарды құруға ықпал етеді.

Бұл бағытта Транскаспий халықаралық көлік жолы маңызды орын алады.

«Біздің елдеріміздің үкіметі мұндай жобаны әзірлеуде көзқарасы мен мүддесі бір болды. Қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан мен Әзербайжан жаһандық энергиямен қамтамасыз ету, көлік дәліздері мен логистика жүйесіндегі маңызды буынға айналуы керек», — дейді ол.

Сонымен қатар, мұнай-газ саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыты — қазақстандық мұнайды Транскаспий халықаралық көлік жолы арқылы әлемдік нарықтарға тасымалдау.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен SOCAR арасындағы келісімдерге сәйкес, Қазақстан мұнайын Ақтау-Баку-Джейхан бағыты бойынша жылына 1,5 миллион тонна тасымалдау 2023 жылдың наурызында басталды.

Бұдан бөлек Әзербайжанға «Электровоз құрастыру зауыты» ЖШС шығарған 40 жүк электровозы жеткізілді. Ал «Локомотив құрастыру зауыты» ЖШС шығарған қазақстандық 7 тепловозды жеткізу жеткізу мәселесі қарастырылып жатыр.

Бүгінде тараптар Әзербайжанға қазақстандық локомотивтерді және Қазақстанға әзербайжандық кемелерді өзара жеткізу туралы келіссөз жүргізіп жатыр.

Азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық та дамып келеді. Бүгінде Қазақстан мен Әзербайжан арасында аптасына жиілігі 32 рейс — «Астана-Баку», «Алматы-Баку», «Ақтау-Баку» бағыттары бойынша тікелей рейстер бар.

Сондай-ақ, Баку-Ақтау-Баку бағытында паром қатынасы бар. Ақтау, Құрық және Баку, Алят халықаралық теңіз сауда порттары арасында тығыз байланыс орнатылған.

Негізгі бірлескен жобалар:

1. 2007 жылдан бастап Бакудің Говсан портында қазақстандық астықты жеткізу үшін «Баку астық терминалы» әзербайжан-қазақ бірлескен кәсіпорны жұмыс істейді.

2. 2016 жылдан бастап «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында «Өндірістік-логистикалық орталық» (Azersun Holding, Әзербайжан) жұмыс істейді.

Айта кету керек, тағы бірнеше бірлескен жоба іске асырылып жатыр. Соның бірі — Каспий теңізінің түбімен өтетін «Әзербайжан-Қазақстан» бағыты бойынша талшықты-оптикалық байланыс желісін (ТОБЖ) төсеу.

Бұл жоба Еуропадан Қытайға дейінгі цифрлық телекоммуникация дәлізін жасайды. Ол 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Сонымен қатар, әзербайжандық «АТЕФ-Групп» компаниясы Ақтау теңіз портының аумағында кабельдер мен трансформаторлар шығаратын зауыт салып жатыр. Осы жылдың соңына қарай өндіріс іске қосылады.

Бұлар — мемлекеттер арасындағы атқарылған және атқарылып жатқан жобалар. Сарапшы Болат Әуелбаев бұдан бөлек ынтымақтастықты дамытатын басқа бағыттарға да тоқталды.

«Қазақстан үшін Black Sea Energy контекстінде жасыл технологиялар мен энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамыту да тиімді. Еуропаға „жасыл дәліз“ бастамасына қосылу екі ел үшін де инвестициялық тартымдылықты арттырады. Климаттық жобалар мемлекетаралық ынтымақтастықтың кең ауқымын, атап айтқанда, ғылым және білім беру саласын, транзит және көлік-коммуникациялық мүмкіндіктерді, жоғары технологиялар саласын қамтиды», — деді Болат Әуелбаев.

Қазақстан мен Әзербайжанның мәдени байланысы тереңде жатыр

Қазақстан мен Әзербайжан тек экономикалық мүдделерді ғана емес, сонымен бірге жалпы түркі тамырларына негізделген мәдени және тарихи байланыстарды біріктіреді. Екі ел үшін де бұл этномәдени туыстық пен рухани жақындықты әспеттейтін сыртқы және ішкі саясаттың маңызды элементі болып саналады.

Соңғы бес жылда бірқатар мәдени шара — Әзербайжандағы қазақ киносының күндері, Бакуде «Астана опера» театры әртістерінің гала-концерті және басқалары ұйымдастырылды. Әзербайжанда Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Роза Бағланованың мерейтойларын мерекелеуге арналған іс-шаралар өтті.

Әзербайжан тілінде Алаш Орда партиясының қайраткерлері туралы ғылыми мақалалар жинағы жарық көрді. Абайдың 175 жылдығына орай Бакуде оның ескерткіш тақтасын қайта орнату үшін естелік акция өтті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы Әзербайжанға ресми сапары аясында Сумгаит қаласының бір көшесіне Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді.

Екі елдің жетекші жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық белсенді дамып келеді: тұрақты негізде студенттермен оқу және ғылыми тағылымдамадан өту үшін алмасу жүргізіледі.

Қазақстанның көрнекті қайраткерлерін еске алу және сақтау мақсатында Әзербайжан мемлекеттік мұнай және өнеркәсіп университетінде қазақтың көрнекті мұнайшысы, ҚР ғылым мен техниканың еңбек сіңірген қайраткері Сафи Өтебаевтың барельефі орнатылды.

Әзербайжан Ұлттық кітапханасында қазақтың көрнекті жазушысы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына және Әзербайжан әдебиетінің классигі Мир Жалал Пашаевтың 115 жылдығына арналған «Түркі әдебиетінің шеберлері» тақырыбында конференция өтті

Президенттің үшінші сапары

Енді басты тақырыпқа оралсақ… Осы жылы 7 ақпанда Әзербайжанда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Ильхам Әлиев қайта сайланды.

Ал, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев — соңғы сайлаудан кейін баратын алғашқы қонақ және ол мемлекеттік сапармен барады. Жалпы, бұл — Мемлекет басшысының Әзербайжанға үшінші сапары.

Алғашқы ресми сапар 2022 жылдың 24 тамызында өтті. Ал 2023 жылғы 24 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев СПЕКА форумына қатысу үшін Әзербайжанға жұмыс сапарымен барды. Осы сапар аясында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен екіжақты кездесу өткізді.

Осы сапарда мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық туралы бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою жоспарланған. Сондай-ақ, Президент Тоқаев Физулиге барып, Құрманғазы атындағы балалар шығармашылық орталығының ашылу салтанатына қатысады.

Бүгін қазақ халқының атынан сыйлығымыздың тұсаукесері болды — Құрманғазы атындағы өнер мектебі салынады, — деген Тоқаев былтыр Бакуде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесуінде.

Ақорданың хабарлауынша, 3100 шаршы метр болатын екі қабатты ғимарат 600 оқушыға арналған.

Негізгі бағыттары — вокал және музыкалық аспаптар, робототехника, 3D модельдеу, веб-дизайн, фото және видео түсіру болады. 

Сонымен қатар, қолөнер, оның ішінде кілем тоқу және қыш бұйымдарын жасау, сондай-ақ әртүрлі спорттық және хореографиялық сабақтар қарастырылған.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға алдағы мемлекеттік сапары аясында өңірдегі өзгермелі жағдайды ескері отырып, стратегиялық әріптестікті дамыту және жан-жақты ынтымақтастықты кеңейту — екі президенттің басты назарында болады.

Соңғы жаңалықтар