Сайлаудың сәні енді кіріп келе жатқандай

АНА. 10 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Дәл қазіргі таңдағы еліміздегі басты саяси оқиға - кезектен тыс Президент сайлауының өткізілетін күнінің белгіленгеніне бір аптадай уақыт өтті. Осы аз ғана күннің ішінде жұртшылық саясат сахнасындағы біршама саяси жаңалықтардың куәсі болды.
None
None

Орталық сайлау комиссиясы Президенттікке кандидаттарды тіркеу мерзімін 5 ақпанға белгіледі. Содан бері елімізден үш азамат Президенттікке кандидат ретінде өздерін-өздері ұсынды. Олардың бәрі өздерін ел басқаруға ниетті әрі соған лайықты тұлға екендіктерін білдіргендерімен, Мемлекет басшысынан үміткерге қойылатын талаптарға төтеп бере алмай, кейбірі тіпті алғашқы сындардан-ақ сүрініп жатыр.

8 ақпан күні Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов журналистерді жинап, Президенттікке алғаш тіркелген Сәлім Өтеннің Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді меңгеруін анықтау жөніндегі комиссияның отырысына келмей қалғандығын айтты. Оның сөзіне қарағанда, Президенттікке кандидат С.Өтенге мемлекеттік тілге қатысты сынақтан өтетіндігін алдын ала ескертілген. Алайда кандидат сынақ мерзімі жақындағанда өзінің өзге қалада жүргендігін, сол себепті емтиханға келе алмайтындығын айтып, сынақ мерзімін кейінге шегеруді сұраған. Осылайша Президенттікке алғаш болып ұмтылған кандидаттың неліктен мұндай қадамға барғандығы жұмбақ күйінде қалып отыр және оның мемлекеттік тіл бойынша емтиханды қашан тапсыратыны да әзірге белгісіз.

Ал Президенттік сайлауға түсуге ниет білдіріп, екінші болып тіркелген кандидат Уәлихан Қайсаров қазақ тіліне келгенде «қайсарлық» таныта алмады. Кеше лингвистикалық комиссияның алдында өзінің мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергендігі жөнінде емтихан тапсырған Уәлихан Қайсаров кілең тіл, әдебиет саласының мамандары мен танымал ғалымдардан құрылған комиссия өкілдерінің көңілінен шықпады. Емтихан заң талаптары бойынша басты 3 бағыт бойынша тапсырылған. Бірінші талап бойынша кандиат көлемі екі беттен аспайтын шығарма жазу керек болатын. Екінші талапқа сәйкес кандидат үш беттен аспайтын классиктердің шығармаларынан үзінді және өлең оқуы қажет еді. Үшінші талап бойынша көпшілік алдында белгілі бір тақырып бойынша 15 минуттан кем емес уақыт сөйлеп, өзінің ойы мен тілінің еркіндігін дәлелдеуі қажет болатын. Емтиханның нәтижесін қорытындылаған лингвистикалық комиссия өкілдері У.Қайсаровтың шығармасынан 28 қате тауып, «қазақ классиктерінің шығармаларынан үзінді оқуды біршама оңды іске асырғанымен, көпшілік алдында өзіне берілген тақырып бойынша кеңінен көсіле алмады» деген баға берді. Сөйтіп кеше Орталық сайлау комиссиясы Уәлихан Қайсаровтың кандидатурасын Конституция мен «ҚР Сайлау туралы» конституиялық заңына сай емес деп тапты.

Лингвистикалық комиссия өкілдерінің шешіміне әбден наразы болған бұрынғы сенатор оны «саяси тапсырыс» деп бағалап, ол долбарын ақпарат құралдарына да жариялап үлгерді. Ал Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді меңгеруін анықтау жөніндегі комиссияның шешімін ешқандай да «саяси тапсырыс» емес екендігін дәлелдегісі келген комиссия өкілдері қалың көпшілікке У.Қайсаровтың шығармасын түзетілген қателерімен бірге жария етті. Осы мәселеге байланысты ОСК-ның мәжілісінде сөз алған лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбековтың айтуынша, Қазақстан сияқты белді мемлекетті басқаратын адам мемлекеттік тілді толық меңгеруі керек. «Ол саясаттан да, экономикадан да, халықаралық қатынастан да үлгілі адам болуы керек. Президент болатын адамға қойылатын талаптар Конституцияда айқындалған. Соның бірі Президентке үміткер мемлекеттік тілді еркін меңгеруі керек. Біздің лингвистикалық комиссия осы талапты қатаң ұстанды. Комиссия құрамында елімізге белгілі деген филология, тіл, әдебиет саласының мамандары бар. Осыған қарай комиссия Президент болам деген кез-келген адамның мемлекеттік тілді меңгерген немесе меңгермегендігін бағалауға толық мүмкіндігі бар. Біздің саясатқа немесе өзге мәселелерге ешқандай қатысымыз жоқ. Біз тек Президенттікке кандидат азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін айқындадық. Біз оның емтихан тапсыруына қажетті уақытты беріп, барлық жағдайларды жасауға тырыстық. Алайда У.Қайсаров айналдырған 2 бетке жетпейтін шығармадан 28 қате жіберді. Оның ішінде әріп қателері - 7, тыныс белгілерінен кеткен қате - 11, стильдік қателер - 10. Екіншіден У.Қайсаровқа көркем шығарма берілді. Ол оны дұрыс оқи алмады. Кейбір сөздерден қателер жіберді. Мәселен «бауырмал» деген сөзді «бауырмалы», «ынтымақтастық» деген сөзді «ынтымақтық» деп оқып, «ң» әріпінің орнына «н» әрпін қолданды. Үшінші кезең бойынша ол еркін сөйлеу керек болатын. Ал У.Қайсаровқа «Халықаралық ынтымақтастық аясындағы Қазақстан» деген тақырып келді. Бұл Президент болам деген кісіге көсіліп сөйлейтін тақырып. Алайда кандидат бұл тақырыпты да аша алмады және өз ойын толық жеткізе алмады», - деді лингвистикалық комиссия төрағасы.

Осыдан соң Орталық сайлау комиссиясының өкілдері егер Президенттікке кандидаттар лингвистикалық комиссияның шешімен нарызылық білдіріп, олардың атына кір келтіретін болса, олардың емтихандарының нәтижелері осылайша жария етіліп отыратындығын ескертті.

Ал кеше Орталық сайлау комиссиясы У.Қайсаровты Президенттікке кандидат ретінде Конституция мен «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңына сай емес деп тапты. Сөйтіп У.Қайсаров мырза үлкен саяси додаға қатыса алмайтын болды. Алайда оның әлі Орталық сайлау комиссиясының шешіміне наразылық білдіру құқы бар екендігін де ескерте кеткен жөн.

У.Қайсаровтың ізін ала кеше лингвистикалық комиссияға емтихан тапсыру үшін тағы бір кандидат Мұсағали Дуамбеков келді. Емтиханның алдында қаршадайынан қазақ мектебінде оқып, білім алғандығын, қазақ тілін жетік меңгергендігін айтқан М. Дуамбеков, лингвистикалық комиссияның сынына сүрінбей өтті. Бір қызығы М.Дуамбеков журналистермен сұхбат барысында саяси додада жеңіске жетуді мақсат тұтпайтынын мәлімдеді. «Мен бұл сайлауда жеңіп шығамын деп ойламаймын. Менің басты мақсатым - екінші орынға қол жеткізу. Осыған дейін көптеген журналистермен сұхбаттастым. Олар мен экологпын десем, «бізде Меліс Елеусізов деген эколог бар, ал сізді біз танымаймыз», - деген сыңайдағы намысқа тиетін әңгімелерді айтады. Мен экологиямен 20 жылдан бері айналысып келемін. Ғылым докторымын. Экология саласында жазған 22 кітабым бар. Менің сайлауға түсудегі басты мақсатым - еліміздің экология саласындағы қордаланған мәселелерді - Елбасына жеткізу. Меніңше, көп жағдайда еліміздің қоршаған саласында қалыптасқан мәселелер Мемлекет басшысына жете бермейді», - деді ол. Орталық сайлау комиссиясы бүгін аталмыш азаматтың Президенттікке кандидат ретінде Конституцияға да, «ҚР Сайлау туралы» заңына да сәйкестігін жария етті.

Кезектен тыс сайлаудың өзге сайлаулардан өзгеше болатындығы бұрын да айтылған. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаевтың сөзіне қарағанда, әр бес жылдан соң өтетін Президент сайлауы референдумға байланысты араға бес жыл салмай-ақ өткізілгелі отыр. Екіншіден, бұл кезектен тыс сайлау болған соң ол әдеттегідей үш ай мерзімде емес, екі айда аяқталмақ. Үшіншіден, бұл сайлауда электронды дауыс беру жүйесі қолданылмайды. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы отырыста сайлау барысында тағы бір жаңалық енгізді. Жаңа енгізілген өзгерістерге сәйкес, аумақтық сайлау комиссиялары енді қол жинау үшін берілетін парақтарды 10 күннен соң емес, 5 күннен кейін береді. Ал Орталық сайлау комиссиясы қол жинау парақтарын 5 күннен 2 күнге дейін қасқартып отыр. Бұл жаңалықтардың игілігін бірінші кезекте заңды түрде Президенттікке кандидат ретінде тіркелген М.Дуамбеков көретін болды. Екі күннен соң ол Орталық сайлау комиссиясынан қол қою парақтарын алып, іске кіріседі. Сайлау үдерісіне жаңаша өзгерістердің енгізілуіне орай Орталық сайлау комиссиясының өкілдері кандидаттарға қол қою парақтарын 26 ақпаннан кешіктірмей тапсыруды ұсынып отыр. Сонда ғана аумақтық сайлау комиссияларының өкілдері кандидаттарды қолдаушылардың қолдарының растығын 5 күн ішінде тексеріп үлгеретін болады. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың айтуынша, бұл өзгерістер кезектен тыс Президент сайлауын талапқа сай өткізу мақсатында енгізіліп отыр. Сондай-ақ айта кететін мәселе, Орталық сайлау комиссиясы бүгін Президенттің кезектен тыс сайлауына қатысу жөніндегі Амантай-қажы Асылбектің өтінішін қабылдады. Қазіргі таңда оның Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтайтын лингвистикалық комиссияға емтихан тапсыру күні де белгіленді. Емтихан 12 ақпан күні өтетін болды.

Соңғы жаңалықтар