Сайлаушы тізімінде 130 млн адам жоқ: Үндістанда ереуілге шыққандар қамауға алынды

АСТАНА. KAZINFORM — Үндістан полициясы сенбі күні Нью-Делиде екі мыңнан астам адамды ұстады. Олар елдің Бас сайлау комиссары Гьянеш Кумардың отставкаға кетуін талап етіп, наразылық шеруіне шықпақ болған. Алайда билік шеруге рұқсат бермеді, деп хабарлайды ANEWZ.

Сайлаушы тізімінде 130 млн адам жоқ: Үндістанда ереуілге шыққандар қамауға алынды
Фото: The Indian Express

Нью-Делидің орталығына мыңдаған полиция қызметкері мен әскери күштер жұмылдырылды. Қала орталығындағы іскерлік ауданда мобильді интернет қызметі уақытша тоқтатылып, ондаған метро станциясы мен базар жабылды. Наразылық білдірушілер жиналмақ болған Джантар-Мантар алаңында да шеруге жол берілмеді.

Басқа қалаларда да наразылық акциялары өтіп, қатысушылар сайлау комиссиясынан жауапкершілікті талап етті.

Наразылыққа қатысушылардың бірі Йогендра Соланки биліктің әрекетін сынға алды.

— Бұл — халықтың құқығын бұзу. Ел енді бұған төзбейді, — деді ол.

Жастар қозғалысының мәліметінше, Мумбайдан Нью-Делиге ұшып келген белсенділердің арасында «Таракан Джанта» партиясының негізін қалаушы Абхиджит Дипке, сондай-ақ Саура́в Дас пен Ашутош Ранку да болған. Олар ұшақ әуежайға қонғаннан кейін полицияның қолына түскен.

Телеарналар көрсеткен бейнежазбада Абхиджит Дипкенің ұшақ ішінде полиция қызметкерлерімен сөзге келгені көрінеді.

Жастар қозғалысы белсенділердің ұсталуын айыптап, наразылықты жалғастыратынын мәлімдеді. БАҚ-тың хабарлауынша, Мумбайда да шамамен 400 адам ұсталған.

Жергілікті БАҚ Оппозиция өкілдерінің арасында Батыс Бенгалия штатының бұрынғы басшысы Мамата Банерджи, Делидің бұрынғы басшысы Арвинд Кеджривал және Керала штатының бұрынғы басшысы Пинарайи Виджаянның да ұсталғанын хабарлады.

Наразылықтың күшеюіне сайлаушылар тізімін қайта қарау кезінде көптеген адамның аты жөні тізімнен алынып тасталғаны туралы мәліметтер себеп болды. Оппозиция бұл әрекет алдағы сайлаудың нәтижесіне әсер етуі мүмкін деп есептейді.

Сайлаушылар тізімін қайта қарау кезінде шамамен 130 миллион жазба алынып тасталған. Олардың қатарында тұрғылықты жерін ауыстырған, мекенжайы бойынша табылмаған немесе қайтыс болған деп тіркелген адамдар бар.

Оппозиция өкілдері тізімнен азаматтардың аты жөнін алып тастау соңғы штаттық сайлаулардың нәтижесіне ықпал етуі мүмкін деп санайды. Ал Сайлау комиссиясы тізімнен негізсіз шығарылған, бірақ дауыс беруге құқығы бар азаматтар қайта тіркеле алатынын мәлімдеді.

Биліктегі «Бхаратия Джаната» партиясы заңсыз әрекеттерге жол берілгенін жоққа шығарып, оппозицияны жалған ақпарат таратты деп айыптады.

Бұл дау 2027 жылдың басында басталатын штаттық сайлаулар қарсаңында елдегі саяси ахуалды одан әрі шиеленістіріп отыр. Оппозиция жетекшісі Рахул Ганди сайлау мәселесіне қатысты күресті жалғастыратынын мәлімдеді. Ал «Бхаратия Джаната» партиясының өкілі Рави Шанкар Прасад қарсыластарын наразылықты өз саяси мақсаттарына пайдаланып отыр деп айыптады.

Сайлаушылар тізіміне қатысты дау Үндістанда сайлау үдерісінің ашықтығы мен азаматтардың бейбіт шеруге шығу құқығына байланысты мәселелерді қайта көтерді.

Бұған дейін Брюссельде наразылық білдірушілер мен полиция арасында қақтығыс болған еді.