Сайрам ауданында 8 адам бөтен үйге басып кіріп, бүкіл отбасын соққыға жыққан
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Көршілер арасындағы жанжалдан кейін қылмыстық іс қозғалды.

Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сүйенсек, Сайрам ауданында шамамен сегіз адам бөтен үйге баса-көктеп кіріп, бүкіл отбасын аяусыз соққыға жыққан. Жәбірленушілерді басқа тұрғындар құтқарып қалған.
Бейнематериалда сөйлеген ер адамның айтуынша, оқиға шамамен бір сағатқа созылып, өзі, анасы, әкесі және досы жарақат алған.
- Менің қолым сынды, әкемнің басы жарылды. Анам әлі күнге дейін қалтырап отыр. Бізге әлі күнге дейін тыныштық бермей жатыр, – дейді жәбірленуші.
Оның сөзінше, ауруханаға барған кезде де қарсы тарап өкілдері келіп, айқай-шу шығарған.
Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған жағдайға қатысты дене жарақатын келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді.
- Оқиғаға қатысы бар барлық адамдар полицияға жеткізіліп, жауап алынды. Тергеу барысында көршілер арасындағы жанжалдың тұрмыстық себептен туындағаны анықталды.Қазіргі уақытта тараптардың уәждері зерттеліп, барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізілуде. Тергеу нәтижесі бойынша олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, іс материалдары сотқа жолданатын болады. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды, - делінген ведомства ақпаратында.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында дәрілік шөп жинаумен айналысқан 100-ден астам шетелдік анықталғанын жазған болатынбыз.