Сазгер Бекен Жамақаевтың "Махаббат вальсін" ұлы жазушы Мұхтар Әуезов қатты ұнатқан

None
None
АСТАНА. 1 шілде. ҚазАқпарат - Қазақ  ән өнерінде шоқтай  жарқырап, жұлдыздай ағып түскен сазгер  Бекен Жамақаев тірі болса, биыл 70 жасқа толатын еді.

Өкінішке орай ол дата аталып өтілетін емес.  Бүгінгі ұрпақ дүниеден осындай бір сырлы  сазгер  өткенін біліп жүрсін деген  ниетпен кезінде Бекенмен  дәмдес-тұздас болған Балтабек Ерсәлімұлынан сыр тартқан едік. Балтекең де Семей өңіріне танымал азаматтардың бірі,  Абай қорының  президенті, Қазақстан  Рес­пуб­ликасына еңбек сіңірген қызметкер, деп жазады «Егемен Қазақстан» газетіне Шығыс Қазақстан облысынан журналист Мұрат Әміренов.

 - Оның шын аты  Бекенғали ғой, әнін  сүйген халқы туған-туыстарының  еркелетіп қойған  атымен Бекен атап кетті. Республика жұртшылығына да композитор Бекен Жамақаев болып танылды, -  деп Балтекең әңгімесін әріден бастаған. - Бекен ағамен 1954 жылдың  қоңыр  күзінде  танысқан едім. Отбасының  ауыртпалығы мойынға түскен соң  мектепте оқып жүріп  облыстық "Прииртышская правда" газетіне  түнгі курьер болып орналастым. Атын  естігенмен өзін көрмеген, көруге әркім де құмар Бекен Жамақаев обллитода цензор болып  істейді екен. Ертеңгі шығып жатқан  газет  санында  мемлекеттік құпияны ашып қоятын деректер  кетіп қалмас үшін  цензордың оқуына беттерді апарамын.

Маңдайы  кереқарыс, толқын­ды  қара шашты жігіт ағасы мені өзі­нің  сыпайы мінезі, жайдары жү­зі­мен бірден баурап алды. Оның,"Ә, балақай, төрлет" деген бия­зы үні  күні бүгінге дейін құла­ғым­да. Мен  тұратын "Казкрай­дың" қарияларын түгел білетініне  таңданып қалғаным бар.

Балалық шақтың әсеріне беріліп кеткен Балтекеңнің сөзін бөліп, Бекен ағасының Семейдің нақты қай жерінің түлегі екенін, өскен, білім алған ортасын сұрадық.

- Бекенғали Жұмабекұлы 1931 жылы Абай  ауданының Саржал елді  мекенінен  елу шақырымдай  қашықтықтағы  Жанан деген жерде  дүниеге  келген, - деді ағамыз. - Балалық  шағы Семей қаласында өтті. Осындағы   №16 мектептің жетін­ші  класын бітірген. Мұнан соң қазіргі М.Әуезов атындағы педаго­гикалық колледжде оқыған. Оны тәмамдаған соң облыстық Абай атындағы  драма театрына қызметке келген.

Сонау  алғашқы балалық шақтағы таныстықтан кейін Балтабек,  өкшебасар інісі ретінде, Бекенмен мұңдас, сырлас бола жүріп, оның көңіл күйі мен  ішкі жансарайының сүйініш-күйінішінің куәгері болған, көп әнінің шығу тарихын  сазгердің  өз аузынан естіген.

...Бұл жолы аурухана төсегінде  ұзақ жатты. Бір сәт мынау қызығы таусылмаған, еркін  сауық-сайран сала алмаған жарық дүниеден аулақтап бара жатқандай сезінетін. Дімкәстігінен мемлекеттік  емтиханға да жете  алатын түрі жоқ. Ерке  Ер­тіс­тің  жағасында сауықшыл дос­тарымен  сайран  салған студенттік күндер де көзден  бұл-бұл ұшып бара жатқандай ма, қалай. Әйтеуір көңілге  нала, көзге мұң ұялатқан бір беймаза күндер еді бұл. Ауруханада сарылып  сартап болып жатқан  адамның  артынан көңілін сұрап сапырылысып  келіп жатқандар да бар.

Солардың  ішінен  Майнұрды көргенде бір сергіп, серпіліп қалатын.  Мынау жалғанда оның  ішкі  жан сезімін, көкірегінде  тұнған мұң-шерін сол ғана түсінетіндей. Жаздай жадырап палатаға  Майнұр кіріп  келгенде  көкірегін бір әсем әуен керней жөнелетін.  Бірақ ақ көгершіндей әуеде қалқып жүрген әннің жалына жармаса алмай әлекке түсетін. Осы бір сүйкімді қызға байланысты ойнақы  әуеннің  тұла бойын  кернеп, жүрек қылын  шерте  бастағанын бар болмысымен сезінген. "Шіркін-ай, осы әуенді әсем әнге  айнал­дырып, оны  Майнұрға  сыйла­сам-ау!" - деген  ой  күндіз-түні маза  бермеді.

Бекеннің мөлдір  сезімін оятқан Майнұр қызға  арналған сыйқырлы әуен ән болып нотаға да түсті. Бірақ жаңа ән көпке дейін  нота  күйінде жатып қалды.  Әнге лайықты өлең жоқ болатын.  Сүйген қызы Майнұрға  Ертістің  ерке самалындай  көңіл күйін көкке  шалқытатын  әуенді сырнаймен  сызылта  орындап  беріп жүрді. Бір  ғажайып  ән туды деп жар салған да жоқ.  Ән мәтінін  іздеумен болды.  Талай ақынның  өлең жинақтарын  ақтарғанымен осы әнге  сұранып тұрғанын таба  алмады.

Осындай алакөңіл күндердің бірінде Семейге құдай  айдағандай ақын  Нұтфолла Шәкеновтың келе қалғаны бар емес пе.  Әуенді  тыңдаған  ақын бірден  сөзін  өзім жазамын деген. Біраз сазгерлермен  шығарма­шылық ынтымақтастықта болып, тәжірибе  жинақтап қалған  Нұтфолла дүйім жұртты дүр сілкіндіретін вальс ырғағындағы бір әсем әннің дүниеге  келгенін қапысыз  сезген.  Сезген де, Алматыға оралған бойда  сөзін жазуға  бар ынта-ықыласымен  шабыттана кірісіп  кеткен.

1955 жылдың 28 қазанында Қазақ  радиосынан  жезтаңдай әншіміз Роза Бағланованың орындауында бұрын белгісіз бір әннің тұсауы кесілген  еді.  Жаңа әннің  эфирге шығуы сол екен, кең байтақ қазақ  даласын шарлай  жөнелді. Әнмен бірге  сазгер Бекен  Жамақаевтың даңқы да  көкке өрледі.  Қасиетті Семей топырағында тағы бір таланттың ту  көтергенін паш  еткен әннің  аты "Махаббат вальсі" еді. Бекеннің бағын ашқан, Нұтфолланың ақындық қарымын танытқан, Розадай  саңлақ  әншінің  репертуарын байыт­қан ән дүниеге  осылай келген бо­ла­тын.  Әйгілі әншінің  орындауындағы "Махаббат вальсі" қазақ  жерін былай қойып,  бара-бара  Бирма, Үнді, Қы­тай, Монғолия, Венгрия аспанында қа­лықтады.  Ал, өз жерімізде  "Махаббат вальсінсіз" той-думан, сахналық ойын-сауық өтпейтін болды.  Алпысыншы жылдардың  жастары осы әнмен оянып, осы  әнмен ұйқыға  кететін десек, сірә, артық айтқандығымыз болмас.

Бекеннің дертіне дауа,  жанына  шипа  болған,  өмірге қайта әкелген,  мөлдір махаббатының куәсі болған ән еді бұл...

-       Балтеке, алпысыншы жылдар­да­ғы  Алматының  студенттері ара­сында Бекеннің  "Махаббат вальсін"  ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі  қатты ұнатқан екен,  Бекеннің  өзіне де қамқорлық  жасаған екен деген сөз  жиі айтылатын. Бұл жайдан қалай,  хабарыңыз бар ма? - дедік біз.

- Бекеннің өз аузынан естігенмін. Оны Алматыға бірінші болып шақырт­­қан Мұхаң екен. Әннің  шығу тари­хын сұрапты.  Өзінің өкпе ауруына шал­дыққандығынан ән арнаған  сүйген қы­зына үйлене алмай жүргенін  мұң етіп айтқан ғой.  Мұны естіген ұлы жазу­шы оның сауығып кетуіне көмегін аяп қалмаған сыңайлы. Мұхтар Омар­хан­ұлы  кез келген  мәдени шараларда Розаға "Махаббат вальсін"  орында деп қол­қа салады екен.  Роза  Тәжі­байқызының естелігінде Мұхаңның  бір кеште осы әнді он рет қайталатып  салдырғаны туралы  айтылады, - дейді Бекең туралы  күнұзақты әңгіме  шертуге бар Балтабек Ерсәлімұлы.

 Бекендей жігіт дүлдүлінің жүрегіне шоқ  тастаған, "Махаббат вальсі" сынды ән төресінің  өмірге келуіне себепші болған аққудың  көгілдіріндей Майнұр ару  ақыры сазгердің  жары болды. Бекенге үш ұл мен  бір қыз  сыйлаған Майнұр апамыз қазір Алматыда тұрып жатыр.

Сансыз кештер, таусылмас  той-домалақтар, "сен үшін, сенің әндерің үшін" деген орынды-орынсыз қол­паш­тау­лар өкпе ауруына жастай  шал­дық­қан Бекеннің  денсаулығына көп сал­мақ  түсірді.  Атақ-абыройы дәуірлеп тұрған  сазгердің сол  тұстағы тұрмысы жүдеу болғанын біреулер білгенімен, былайғы көпшілік  жұртқа белгісіз  еді.

Осындай  күйде  жүрген  Бекен халқына тағы бір тамаша ән  сыйлады. "Махаббат вальсінің"   сыңарындай  болып дүниеге "Ертіс вальсі" келді.  Тағы да Роза Бағланованың   орындауында алғаш эфирге шықты.

Бұл 1969 жылы болатын.  Көп ұзамай талантты  композитордың өзі дүниеден өтті. Қырыққа жетер-жетпесінде жарық дүниемен қош айтысқан Бекендей тума таланттың артында мол мұра қалды. Осы  орайда сазгердің екінші өмірі -  ән әлеміндегі өмірі жалғасын тауып жатыр ма деген сұрақ бір бүйірден тікенектей қадала береді.  Балтекеңнің айтуынша,Бекеңнің шығарған әндерінің  бәрінің жолы даңғыл бола бермепті. Қазақ кеңес композиторлары әндерінің  ортасынан ойып тұрып  орын алған "Сен ғана" әнін кезінде "Қазақконцерт­тің" көркемдік  кеңесі махаббат  туралы  вальстер қаптап кетті деген  желеумен қабылдамай тастаған екен.  Әннің  жолын ашқан  тағы да Роза  апамыз болыпты. Көр­кем­дік  кеңес қаншама қарыс­қанымен әншінің  беделі жүріп,  оның орындауында эфирге  шығыпты.  Әнді туғызатын  сазгер, бағын ашатын  әнші дейтініміз осыдан болса керек.

Шәмші Қалдаяқов пен Бекен Жамақаев қазақтың  ән өнерінде вальс корольдері   атанған  хас  таланттар еді. Екеуі де халқының қошаметіне  бөленгенмен, Үкімет  тарапынан  көздері  тірісінде сый-сияпат пен  марапатқа ие болмағандары  шындық.  Бірақ бүгінгі жас қауым біле бермесе де, олардың әндері өздерінің тұстастары - аға ұрпақтың  жүректерінде мәңгі орнығып қалған.

Оңтүстік Қазақстанның тізгін ұстаған азаматтар жыл сайын Шәмші  күндерін, Шәмші әндерінің республикалық байқауын өткізуді дәстүрге  айналдырып, сазгердің  рухын аспандатуда. Оның қайталанбас талантына, жүрек  қылын шертетін өшпес те өміршең әндеріне  осындай рухани ескерткіш орнатып отыр.

Бекен Жамақаев та  Шәмші Қалдаяқов сияқты  таланттарымыздың  бірі емес пе еді. Қайран  Бекеннің  есімі кейінгі  жылдары  көмескіленіп бара жатқан  жоқ па, осы? Әндерін эфирден естуден қалып барамыз, теледидар мен  сахнадан орындап жүрген  әншілерді және  көріп жүргеніміз жоқ. Бекен қысқа ғұмырында жетпіске  жуық ән шығарған көрінеді. Соның біразы қазақ  радиосының алтын қорында сақталып  қалды емес пе. "Көзден таса болса, көңілден де кетеді" деген сөз Бекендей сазгерге жүрмесе керек.

  Республикалық  деңгейде болмаса да Шығыс Қазақстан облысы ауқымында Бекен Жамақаев әндерінің байқауын неге өткізбеске? Бұл облыстық және Семей қалалық мәдениет мекемелері басшыларының келешекте  жүзеге асыратын  мәдени шараларының  бірі болуға тиіс деп санаймыз. Б.Жамақаев оқыған Семей қаласындағы  №16 мектептің,  М.Әуе­зов атындағы  педагогикалық  кол­лед­ждің ұстаздары мен осындағы М.Тө­ле­баев атындағы музыкалық  учили­щенің  ұжымы осындай  шараны  өткізуге  неге ұйтқы болмасқа?

Дүниеден өткен  төл дарындарымызды  еске түсіру үшін  ат шаптырып, қазан көтеріп даңғаза той жасау шарт емес. Ал, мәдени шаралар өткізу арқылы еске  алып отыру ұлттық болмысымызды  байқататын  мәртебелі міндет. Олай болса, Бекен Жамақаев сынды  қайталанбас  дарын иесінің  рухы алдында да ұрпақ парызын өтей білгенге не жетсін.

Соңғы жаңалықтар
telegram