15:38, 03 Наурыз 2009 | GMT +5
Щучье ауданында «Есіл-Агро» 420 адамды жұмыспен қамтып отыр
КӨКШЕТАУ. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Щучье ауданы аумағындағы көп салалы «Есіл-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде 420 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.Алдағы күнде сүт өндіру кешені іске қосылып, қосымша елу адам жұмысқа қабылданады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Серіктестіктің бас директоры Асылбек Ысмағанбетовтың айтуынша, қазірдің өзінде кәсіпорын Көкшетау, Щучье, Степняк, Макин қалаларының тұтынушылары мен өңірдегі сауықтыру орталықтарының, мектептер мен ауруханалардың сүт және сүт өнімдеріне деген сұранымын толық қанағаттандырып отыр. Өзі іске қосылған сегіз ай ішінде сүт зауыты 45 миллион теңгенің өнімін шығарды. Қазіргі кезде кәсіпорында - 16, алдағы уақытта 30 түрлі сүт өнімі өндірілмек. Осы мақсатпен «Қазагроқаржы» акционерлік қоғамынан бөлінген бір жарым миллиард теңге несиеге озық технологиялы өңдеу кешені іске қосылып, тәулігіне он тонна сүт өнімдері дайындалатын болады.