Щучье-Бурабай курорты аймағында туристік кластерді дамытуға 13 миллиард теңге жұмсалады

None
None
КӨКШЕТАУ. Мамырдың 16-сы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысы аумағындағы Щучье-Бурабай курорты аймағын дамыту мақсатына ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 13 миллиард теңге мөлшерінде қаржы жұмсалатын болады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Жалпы өңірдің туристік мүмкіндігін молынан игеру ісіне алдағы үш жылдың бағдарламасы аясында мемлекет қазынасынан 46 миллиард теңге қарастырылып отыр. «Бурабай» мемлекеттік ұлттық-табиғи саябағының директоры Әліби Ғазизовтың айтуынша, ауқымды шаруаның алғашқы жұмыстары қорытындыланып, қазірдің өзінде «Табиғи мұражай» жаңа ғимаратта қоныс тепкен. Үш қабатты әсем нысанда табиғат сұлулығы мен байлығын тамашалауға барлық мүмкіндік ескерілген. Жаңада ашылған орталық алғашқы меймандарды қабылдай бастады. Мұнда халықаралық экологиялық конференциялар өткізу, тәжірибе алмасу, жануарлар әлемін қорғауға қатысты ғылыми жұмыстар жүргізуге толық мүмкіндік қарастырылған. Қазір мұнда жануарлар әлемінің 28 түрі ашық аспан астында арнайы қоршауда күтілуде. Ал мұражайдың жаңа ғимаратындағы екі көрме залында елімізде кездесетін аңдар мен құстардың, жәндіктердің 1500-ден астам үлгілері қойылған. Олардың барлығы сүт қоректілер, құстар, жәндіктер бойынша жекелей жинақталып, бүгінгі таңда Қызыл кітапқа енгізілуіне қарай топтастырылған. Өткен жылы осынау табиғат байлығын 80 мыңға тарта адам тамашалаған болатын. Биылғы жылы мұражайда қызмет көрсету аясын кеңейту мақсатымен ішкі жөндеу шаралары, 9 шақырым жарықтандырылған серуен жолы, 22 саяхат бағыты өскелең талапқа сай жақсартылып отыр. Ендігі күні Бурабай көрікті аймағының сұлу көрінісін тамашалап, таза ауада тыныстауға ниет еткендер арнайы ұйымдастырылған ақпарат орталығы арқылы өз жоспарын жасап, сол бойынша әрекет етпек. Ол ең алдымен қоршаған ортаға зиян келтірмей, келушілердің мәдени тынығуын қамтамасыз етуге бағытталып отыр.
Соңғы жаңалықтар