10:29, 05 Ақпан 2009 | GMT +5
Щучье-Бурабай курорты аймағында заңсыз берілген 31,2761 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды
КӨКШЕТАУ. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/-Ақмола облысында прокурорлық қадағалау барысында өткен жылы заңсыз бөлінген 428 гектар жер телімі кері қайтарылды, ал бір мың гектар жер бойынша іс сот қарауына жіберілген,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.БАҚ өкілдерімен өткізген баспасөз мәслихатында облыс прокуроры Серікбай Ерімбетов мұндай жөнсіздіктердің Аршалы, Целиноград, Шортанды аудандарында, Бурабай курорты аймағы мен Көкшетау қаласында етек алғанын тілге тиек етті. Жыл ішінде 43 мың азаматтың конституциялық құқықтары қорғалған. Сол бойынша 33 акті күшін жойып, 150 мың теңгеден астам еңбекақы мен жарақаттануға байланысты жәрдемақы төленді, зейнетақы қорына 80 миллион теңге аударылды. Мемлекеттік сатып алу заңнамасы сақталмағандықтан 4 миллион 549 мың теңге өндіріліп алынды, 101 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал 600 миллион теңгенің 9 конкурсының қорытындылары күшін жойды. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық қылмыстарын жасаған 8 басшы, облыстық буыннан 18, ал аудандық деңгейден 39 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Прокурорлық қадағалау көрсеткендей өткен жылы 900 заң бұзушылық орын алып, соған орай 22 миллион теңгеге жуық шығынның орны толтырылған. Сондай-ақ 49 миллион теңге бюджет қаржысы кері қайтарылып, 10 мың 530 адамның конституциялық құқы қорғалды. Бурабай курорты аймағында заңсыз бөлінген 31,2761 гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылып отыр. Жергілікті және республикалық БАҚ өкілдері облыс прокурорынан жетім балалардың тұрғын үйге қатысты құқықтарын қорғау, кәсіпкерлікті қолдау, қоршаған ортаны қорғау заңдылығы, діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер жөніндегі заңдардың сақталуы, жер телімдерін бөлу жайындағы сауалдарына толыққанды жауап алды.