Сексен жыл әуелете ән салған Кенен атамның әр туындысының өзіндік тарихы бар - қызы Төрткен

Кешегі ұлы бабасы Сыпыра жыраудың ақындық дәстүрін жалғастырған, Жамбыл атасынан бата алып, өлең-жырдың көрігін қыздырған Кенен Әзірбаев атамыз Қордай өңірінің түлегі. Тоқсан жастан аса өмір сүріп, сексен жыл ән салып, күй тартқан, аты аңызға айналған жыр-құдірет, әнші, керемет композитор, сал-серілердің соңы Кенекең еді.
Кенен өзіне тартқан Төрткен қызына көп үміт артатын. Ол кісі қызына домбыра ұстатып, өзінің шығарған әндерін біртіндеп үйрете берген. Кененнің әншілік дәстүрін жалғастырып, қалдырған мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, «Кенен ата» деген жинағын шығарған Төрткен Кененқызының тыңдаушыға айтар әңгімесі ұшан-теңіз.
Мен Қазақстан Республикасының «Халық ағарту ісінің үздігі», «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері Төрткен Кененқызын ардақты әкесі Кенен Әзірбаев жайлы сөзге тарттым:
- Төрткен апа, өзіңіз ардақты әкеңіз халық композиторы Кенен Әзірбаев жайлы баспасөз беттерінде көп насихаттадыңыз. Атаңыз жайлы бізге әңгімелеп берсеңіз...
- Кенен ата жайлы қанша айтсам да жалықпаймын. Мен Кененнің ең үлкен қызымын. Бес баланың үлкені болғандықтан әкем зарлап жүріп бала көрді де мені қасынан ешуақытта тастамады. Сондықтан да болар әкемнің жүріс-тұрысы көз алдымда, осы күнге дейін үні құлағымнан кетпейді.
Тіпті қатты бір қуансам да, мұңайсам да түсіме кіріп тұрады. Барлық ісімді сол кісімен ақылдасып істейтінмін. Барлық әндерін маған үйрете беретін, құлағында қалсын дейтін шығар. Көптеген әндерін білем, әйтеуір мәтіні ойымда қалыпты.
Жүзден аса ән-күйі бар. Әр туындысының тарихы бар, «Бозторғай», «Көк шолақ», «Ри қойым» әндерін өздеріңіз білесіздер. Маған атаның еңбектерінің ішінен әндері жақын. Атаның әндерін жастарға көбірек үйретсем деймін.
Домбырамды тапсырдым,
Аяулы қызым Төрткенге,
Өзің жақсы көруші ең,
Үлкенге қызмет еткенге,- деп домбырасын тапсырған. Маған барлық әнін тапсырып:
Мақам- сазын өзгертпе,
Еліктеп еріп басқаға,- дейді, Еуропаға еліктеп кетпе дегені болуы керек.
Ән мұрам саған аманат,
Домбыраңды тастама,- деген өлеңдері бар. Маған арнап ән де, өлең де шығарды, менің есімде қалғаны, «Мен сүйемін халқымды» әні ғой. Бұл әннің өзіндің тарихы бар.
Кенекең алты жылдай ауырып жатты. Сонда көп елмен араласқанды жек көреді, қыдырмайды, жүрмейді, үнемі бөлмесінен шықпайды. Даланың өзіне жетектеп әрең көндіресің. Ешкім бұл кісіні «қайда екен?»- демеді. Сөйтіп жүргенде Жазушылар одағының басшысы Сәбит Мұқанов біздің үйге келіп, әкемнің хал-жағдайын білді. - Ақсақал, қайда жүрсің? - деп хал-жағдайын сұрады. Ауырып қалғанын көріп бірден санаторийге жіберіп, ауруханаға жатқызды. Бұрын Отар стансасында тұратынбыз, ауа райы өте ыстық, қапырық та желді болды. Дәрігерлер денсаулық жөнделу үшін тұратын жерді ауыстыру керек деген. Содан Сәбит Мұқановтың қамқорлығының арқасында біздің үйді туған жеріміз Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты «Киров» ауылына көшірді. Кейін бұл ауыл Кенен ауылы болып өзгертілді. Осыдан бастап атаның денсаулығы жөнделе бастады. Одан кейін де он бес-жиырма жылдай өмір сүріп, тоқсан екіге келіп дүние салды. Содан халқын сағынғаннан «Мен сүйемін халқымды» деген ән шығарды.
Қордай сілемінде Ойжайлау, Жайсаң, Қызылқайнар деген жайлаулар бар. Сол жайлауда атаның қызыққа толы жастық шағы өткен. Қыз-келіншектермен айтысқан шақтары екен. «Ой жайлау» әні елге, жерге деген махаббаттан туған ән жүзге тарта әндерінің тарихы бар.
- Ақындық өнер деген қанмен келген ата-бабаларды қасиеті деп айтамыз ғой. Біз білетін Сыпыра жырау сіздердің аталарыңыз екен. Төкпе жыраулардың ұрпағы болғаннан кейін атамыз өзінің бойындағы күшке, қасиетке үнемі арқаланып әр жерде айтыстарға шығып, өз қабілетін сынаған ғой. Қанмен келген өнеріңіз бар. Баласы Бақытжанда да бар, енді осы немере-шөберелердің ішінде кімдерде бар?
- Бақытжан екеуміз ол кісінің бірсыпыра әндерін айтып жүрміз. Бір қасиеті Кененнің ұрпақтары шетінен ән салады. Көркемжан ертерек дүниеден өтті. Ол да атаның әндерін керемет орындайтын. Қыздары Ақтамақ, Ақбілек те ән айтқан. Немерелері шетінен домбыра тартып, ән салады. Қазіргі заманға байланысты олар эстрадамен, гитара, баянмен ән орындайды. Бірақ өнер қуғаны жоқ. Осының бәріне әкеміздің әсері көп болды ма деп ойлаймын. Ол кісі «Үйрене беріңдер, біле беріңдер. Мен Кененнің баласымын деп ерекшеленбеңдер. Өнерің болса алтын пышақ қын түбінде жатпайды, менің атымды шығарам деп қиналмаңдар» дейтін.
Қазіргі үміт артып жүрген Бақытжанның баласы Мұхтар. Сол баладан көп үміт күтемін. Ол Астанадағы Өнер Академиясын бітірді. Домбыра, скрипка, пианино сияқты аспаптарда еркін ойнайды, өлең де шығарады. Әннен де хабары бар. Мұхтар бүгінде Астана қаласының Мәдениет басқармасында қызмет етеді.
Бақытжанның әкесі туралы жазған «Әке рухымен сырласу» деген жинағы бар. Ол жинақта автор әке өміріне ерекше тоқталып, үлкен толғаныста әке образын шебер суреттей білді.
- Атаның әндерін сізден артық жеткізіп айтатын ешкім жоқ, Республикалық эстрада колледжінде сабақ бересіз. Кенен атаның мектебін аштыңыз. Өзіңіздің соңыңыздан ерген шәкірттер туралы айта кетсеңіз?
- Ержан Қосбармақовты жас кезінен білетін едім. Екеуміз біраз концерт те қойған едік. Бірде ол кездесіп қалып: «Апай, біздің колледжге келіп, Кенен атаның әндерін үйретсеңізші» дегені. Менің музыкалық білімім жоқ қой» десем, сіздің алдыңыздағы аталарымыз бен апаларымыздың да музыкалық білімі болмаған, келіңіз!- деді.
Бес жылдай сабақ беремін. Қағып алатын шәкірттер аз. Аян, Гүлсім, Гүлзинат консерваторияда оқып жүр. Менің қолымда Марта деген қыз оқыды. Ержан Қосбармақов екеуміз бірдей сабақ береміз. Мен Ержанға айтам, «шәкірттерге мәтінін үйретейін, әуенін сен жөндеп үйрет» деп. Екеуміз бірігіп шәкірт тәрбиелеп жатырмыз.
- Сіздің шәкірттеріңіз Жетісу өңірінің әншілері, сіз жер ерекшелігіне қарайсыз ба?
- Біз жер ерекшелігіне қарамаймыз. Жетісу өңірінде Өскеменнің, Қызылжардың әншілері бар. Бұл балалар Жетісу өңірінің әншілерінен де жақсы. Алғашында домбырамен ойнау ерекшелігін үйренеді, кейін жергілікті балалардан асып кетеді.
- Кенен атамыздың жүзден астам әні бар. Осылардың бәрі нотаға түсіріліп болған ба?
- Ол кісінің әндерінің отыз-қырқы нотаға түскен. Ерзакович басқа да композиторлар түсірген. Балнұр Қыдырбекова барлық әндерін нотаға түсіріп, жинақ атаның 100 жылдығына таратылған. Бірақ көптеген иірімдері нотаға түспей қалған. Алатау алабында туып-өстім дегенді бөліп тастаған. Сондай кемшіліктер кездеседі. Әндерін нотасымен шығарсам деген ойдамын, домбырамен айтатындай ғып.
- Атаның өзінің бірден бір ұстазы Жамбыл ата, ақындық өнерге баулыды ғой. Жамбыл мен Кененнің шығармашылық байланысы жайлы айта отырсаңыз?
- Жамбылдың 100 жылдығында атам «Жамбыл жыр» деген дастан жазған. Сонда әкем: - Елу жыл жолдас болған шәкіртімін. Біз туыстық жағынан да, өнер жағынан да жақынбыз,- дейтін. «Домбыраның қос ішегіндей егіз еді»- деп қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков те қос атасына баға берген.
Атам Мәскеуге тоғыз рет барған. Соның бесеуінде Жамбылмен бірге барған.
1936 жылы Күләш, Сәкен, Жамбылмен бірге Кенен ата Мәскеуге барып, Кремльдің сарайында «Жаңа заң» деген әнін айтқан. Жамбылмен Тбилисиге барып, Шота Руставилидің тойына қатысты. Мұхамеджан Қаратаев басқарып барды. Онда да Жамбыл мен Кенен бірге жүреді. Қай жиында Кенен мен Нартай бірге жүреді. Біреуі домбырамен, біреуі сырнаймен орындаған. Біреуі қараторының, біреуі екіншісі ақсарының сұлуы. Мұхамеджан Қаратаев: «Біз бұл кісілерді мақтанышпен алып баратынбыз. Артық сөзі жоқ» деп айтып отыратын.
Жамбыл ата «ал, менің күн тимесім мен жел тимесім өлең айтқанда тыпыр етпей тыңдап отырыңдар» деп жиындарда ескертуші еді.
Сондай әңгімелерді атам айтып отыратын.
- Кенен атамыздың қырғыз ақындарымен достығы жайлы не дейсіз?
- Кенен атамыздың туғанына 90 жыл толу тойын тойлап жатқанда Шыңғыс Айтматов сөз сөйледі: «Кенекем қырғыз елінің де ақыны, қос елдің ақыны деуге болады. Кенекемді бізден бөліп ала алмайсыңдар» деген еді. Қырғыз асып Бішкекке жетіп барамыз. Ол жақта атаның достары көп.
1916 жылы патша үкіметіне қарсы ұлт-азаттық қозғалысында да Кенекең көтерілістің үгітші ақыны болған. Сонда қырғыз жеріне өтіп, жаны қалған. Османқұл деген ақын біздің үйге жиі келіп тұратын.
Базар-Назар қайтыс болғанда ата-анамыз Алма-Арасанда демалып жатады. Сол жерге Османқұл бастаған топ барып көңіл айтып, Кенекеңнің көңілін көтереді.
- Алдағы уақытта қандай іс- шаралар жасаймын деген ойларыңыз бар?
- Бұл кісінің 90 жылдық тойын жасап жатқанда төрт томдық жинағы шықты. Содан кейін менің құрастыруыммен «Аңыздар сыры» мен «Естеліктер» кітабы шықты. Астанамызда көше жоқ, Алматыда Горный Гигантта бір көшені Кенен атамыздың атымен атайды. Сол көшеде бірер жыл бұрын Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің қолдауымен Кенен атаға зәулім ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің орнын алуға өз аулымыздан шыққан жастардың құрған «Кенен ұрпақтары» қоғамдық қоры көмектесті. Айтайын дегенім, атаның атында бір колледж, не музыка мектебі жоқ. Атаның туғанына 120 жыл толуына орай мерейтой жасағанда Жамбылдың әкімі Тараздағы музыка мектебіне Кенен Әзірбаевтың атын береміз деген. Бұл іске аспай қалды.
Атаның мұражайы бір үлкен зал, екі кішкене бөлмеден тұратын, іші тар еді. Мерейтой қарсаңында үлкен конференция залын қосып ішін кеңейтті. Кезінде тоғыз қызметшісі болса, қазір 7-8 адам жұмыс істейді, бұрын машинаға дейін бар еді, қазір көлікке зәру болып отырмыз.
Кенен атаның туғанына 125 жыл толуына орай мемлекет тарапынан Кенен Әзірбаевтың шығармаларының 5 томдық жинағы жарық көрді. Оның бір томы - сурет альбомы.
Былтырғы жылы атамыздың туғанына 130 жыл толуын аудан көлемінде атап өттік. Мұражайдың конференц залында арнайы жиын болып, Кенен атамның өмірі мен шығармашылығы жайлы сөз еттік. Әншілер атаның әндерін орындады. Аудан жұртшылығына ас бердік.
- Әңгімеңізге рахмет! Сіздей қызы бар Кенен ата бақытты деп ойлаймын. Алға қойған мақсатыңызға жете беріңіз.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева