Сектор Газадағы шабуылдардан қаза тапқандар саны 70 мыңнан асты
АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы 48 сағат ішінде Израиль армиясының Сектор Газаға жасаған шабуылдары салдарынан қаза тапқандар саны 13 адамға артып, 70 925 адамға жетті, деп хабарлайды Анадолы.
Бұл туралы Газаның Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында айтылған. Хабарламада қаза тапқандар мен жараланғандар, сондай-ақ қирандылар астынан шығарылған мәйіттер туралы толық ақпарат берілген.
Хабарламаға сәйкес, соңғы 48 сағат ішінде өңір ауруханаларына 13 қаза тапқан адамның денесі жеткізілген, олардың 7-сі қирандылар астынан шығарылған. Сонымен қатар, ауруханаларға 20 жараланған адам түскен.
Соққының тоқтатылу режимі енгізілген сәттен бері Газада 401 адам қаза тауып, 1108 палестиналық жараланған, ал қирандылар астынан 641 адамның денесі шығарылған.
2023 жылғы қазан айынан бастап Израильдің Газа секторына жасаған шабуылы салдарынан жалпы қаза тапқандар саны 70 925-ке, ал жараланғандар саны 171 185-ке жетті.
АҚШ президенті Дональд Трамп 9 қазанда Израиль мен ХАМАС Мысырда жүргізілген келіссөздер барысында Газада атысты тоқтату жоспарының бірінші кезеңін мақұлдағанын жариялады.
Мысырда қол қойылған келісім Израиль үкіметінің мақұлдауымен 10 қазанда күшіне енді.
Дегенмен, Израиль армиясы Газадағы атысты тоқтату туралы келісімге қарамастан, түрлі сылтаулармен палестиналықтарға шабуылдарын жалғастырып жатыр.
Айта кетелік Израиль делдалдардың бітімгерлік күш-жігері аясында Газа секторына соққы жасағаны туралы жазған едік.