Сел қаупінің алдын алу: 170-тен астам тексеру жүргізілді

АСТАНА. KAZINFORM — Сел қаупі бар кезеңге дайындық аясында Қазақстан ТЖМ «Қазселденқорғау» еліміздің өңірлерінде сел қаупін бақылау және оның алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар жүргізіп жатыр. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті. 

Сел қаупінің алдын алу: 170-тен астам тексеру жүргізілді
Фото: ТЖМ

Министрліктің мәліметінше, үздіксіз мониторингті қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы маусымда 79 тұрақты және 49 маусымдық бақылау бекеті жұмысқа тартылған. Ықтимал төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету үшін «Қазселденқорғау» мекемесінің 11 авариялық-механикаландырылған бригадасы жасақталған.

Сел қаупінің алдын алу: 170-тен астам тексеру жүргізілді
Фото: ТЖМ

— Жыл басынан бері мекеме мамандары сел қаупі жоғары учаскелерде 170-тен астам жерүсті зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, сел түзілу ошақтары мен ықтимал қауіпті нысандардың жағдайын бағалау мақсатында Алматы қаласы мен Түркістан облысында екі рет әуеден шолу тексеруі өткізілді, — делінген хабарламада. 

Профилактикалық жұмыстың маңызды бағыттарының бірі — халықты және жергілікті атқарушы органдарды ақпараттандыру. Маусым басталғалы бері ықтимал қауіпті аймақтарда орналасқан елді мекендердің тұрғындарына, ұйымдарға және әкімдіктерге 800-ге жуық ұсынымдық хабарлама жолданды.

Сел қаупінің алдын алу: 170-тен астам тексеру жүргізілді
Фото: ТЖМ

Сонымен қатар, 2000-нан астам ақпараттық жадынама таратылып, қауіпті учаскелерде шамамен 130 ескерту тақтайшалары орнатылды.

— Маусым айында Іле Алатауы жотасының орталық бөлігіндегі мұздық көлдерді, мұздықтарды және сел қалыптастырушы ошақтарды, сондай-ақ Жамбыл, Түркістан облыстарының, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарының таулы аудандарын аэровизуалды тексеру жоспарланған, — деп жазды ведомстводан.

Ағымдағы маусымда Алматы қаласы, Алматы облысы және Жетісу облысы аумағында орналасқан мұздық көлдерді босату бойынша алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Бұл іс-шаралар ықтимал қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтауға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Айта кетейік, ТЖМ ұлттық парктердегі өртті арнайы камералар арқылы бақыламақ.