Селекторлық кеңесте астық тасымалдау мәселесі қаралды - ККМ

Селекторлық кеңеске Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары әкімдіктерінің өкілдері, сонымен бірге астық жөнелтушілер қатысты.
Кеңесті аша отырып, Берік Камалиев аталған мәселе Үкіметтің тұрақты назарында екенін атап өтті.
Ағымдағы жылғы 13 желтоқсанда өткен селекторлық кеңесте астықты тасымалдаудың қарқыны ойдағыдай болғаны айтылды. Атап айтқанда, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қазан, қараша айларында сәйкесінше 1 млн. 193 мың тонна және 1 млн. 272 мың тонна астық тасымалдады.
Ағымдағы жылғы 21 желтоқсандағы жағдай бойынша жоспарланған (1 млн. 100 мың) көлемнен 642 мың тоннасы тасымалданды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық бақылау комитеті және Мемлекеттік инспекциясы демалыс және мереке күндері барлық бекеттердің жұмыс жасауын қамтамасыз ету тапсырмасын толық орындады.
Кедендік бақылау орнатылмаған стансаларда астықты тасымалдаудың кедендік үздіксіз рәсімделуін қамтамасыз ету мәселесі әлі шешілмеген. Осылайша, Ақмола облысындағы Ерейментау, Жалтыр және Есіл стансаларында осындай жағдай қалыптасты. Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің ақпараты бойынша, аталған мәселе қосымша штаттық бірліктер мен бекеттер жұмысы үшін қажетті байланыс арналарының болмауы себебінен қысқа мерзімде шешілмейді. Осыған орай, аумақтық кедендік органдарға демалыс және мереке күндері аталған бекеттерге жақын стансалардағы бекеттердің жұмысын қамтамасыз ету тапсырылды.
Сонымен қатар, астық қабылдау кәсіпорындарының астықты тиеу және түсіру кезіндегі үздіксіз жұмысын ұйымдастыруды қамтамасыз ету мәселесінде өзара іс-қимылын үйлестіру жөнінде қиыншылықтар бар. Кейбір астық тиеу кәсіпорындары демалыс және мереке күндері астықты тиеуді ұйымдастырмаған.
Кеңес барысында тиісті мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың басшылары тыңдалды. Оның қорытындысы бойынша хаттама жасалып, астықты үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берілді.