Шотландиялық БАҚ алматылық клубтан жеңілген «Селтикті» сынады

АСТАНА. KAZINFORM – Сәрсенбі күні алматылық «Қайраттан» жеңілген «Селтик» туралы шотландиялық басылымдарда сыни мақалалар жарияланды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

«Кайрат» обыграл «Селтик» и впервые вышел в Лигу чемпионов
Фото: Александр Павский/Kazinform

The Scotsman газеті слекциясы сыр берген клуб басшылығының жұмысын, түсініксіз трансферлік саясатын, команда футболшыларының сүреңсіз ойынын, пенальти сериясындағы қателіктерді ашық жазып, клубты сынға алды. 

— Бұл сәтсіздікті ешбір сөзбен «ақтап алу» мүмкін емес. «Селтик» футбол клубының футболшылары 120 минутта қарсылас қақпасына бірде-бір гол соға алмады. Пенальти сериясында да «Селтик» бес соққының екеуін ғана салды. Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне берілер жолдаманы иеленген «Қайрат» өзінен әлдеқайда танымал әрі жоғары жалақы алатын ойыншыларға қарсы батылдық пен мінез танытып, лайықты түрде жеңіске жетті, - деп жазды басылым.

The Scotsman атап өткендей, қазақстандық ойыншылар қуаныштан алаңға жүгіріп шыққанда «Селтик» футболшылары қарсыластарына таңдана қарап тұрды.

— Төрт сағаттық уақыт белдеуімен айырмашылығы бар, биік таулы аймақта орналасқан, ауа райы аптап ыстық азиялық қалаға сапар — ауыр сынақ болатынын бәрі түсінді. Бірақ «Селтиктің» өзінен деңгейі төмен клубтан Чемпиондар лигасында жеңілуге құқығы жоқ еді. Ашулы жанкүйерлер ең алдымен клуб басшылығын айыптады. Клубтың 50 миллион фунттан астам қаржы қоры бола тұра, құрамды күшейтпей-ақ Чемпиондар лигасына шығамыз деген үміттері күйреп қалды. Шотландия чемпиондары Еуропа лигасына жол тартты. «Селтик» енді еуропалық элитаның қатарында емес, - деп жазды The Scotsman.

Daily Record шотландиялық команданың Чемпиондар лигасының топтық кезеңінен тыс қалуы «Селтикті» мол қаржы мен беделінен айырды. Сонымен қатар бас бапкер Брэндан Роджерс те қызметінен кетуі мүмкін деп есептейді. 

— Чемпиондар лигасына қатысу мүмкіндігінен айырылған «Селтик» енді Брэндан Роджерсті осы маусымнан кейін жіберуі мүмкін. Аталған маман екі жыл бұрын командаға оралғандағы басты мақсаты клубты жаңа деңгейге көтеру екенін айтқан. Бірақ ол ойы жүзеге аспады. Өткен маусымда Роджерс команданы плей-офф кезеңіне дейін жеткізіп, болашағынан үміт күттірген. Алайда кейінгі кезде «Селтиктің» ойыны мен даму саясаты кері кете бастады. Ендігі кезекте құрамды күшейтудің не керегі бар?! Клуб тек бұл матчты ғана емес, жоғары деңгейлі бапкерін де жоғалтқан секілді, - деп жазды аталмыш басылым.

Сондай-ақ Daily Record басылымы «Қайрат» қарымта кездесуде үш көшбасшы ойыншысы алаңда болмаса да шотландиялықтарға лайықты деңгейде қарсылық көрсете білгенін атап өткен. 

— «Челсимен» алдын ала келісімшарт жасасқан жас талант Дастан Сәтпаев ойыннан шеттетілді. Ал, бірінші ойындағы алған жарақатынан кейін команданың негізгі қақпашысы Александр Заруцкий мен жаттығу барысында жарақаттанған шабуылшы Эдмилсон ойыннан тыс қалды. Дегенмен «Қайрат» командасы «Селтикпен» ашық айқасқа дайын болды. Иә, ұшу уақыты ұзақ, стадиондағы атмосфера да қызу болды. Бірақ бұл Чемпиондар лигасындағы есе жіберетін команда емес еді, - деп атап өтті Daily Record. 

The Celtic Star жанкүйерлер ресурсы «Селтик» басшылықтың әлсіздігінен жеңіліп жатқанын, ал «Қайраттан» жеңіліс команданы қайта құрылымдау және жаңарту керегін көрсеткенін жазды. 

— Шынын айтайық, «Селтик» кері кетіп барады. Көп ақша жұмсап, осыншама жолды артқа тастаған жанкүйерлердің командадан қатты көңілі қалған, - деп жазды онлайн-ресурс.

The Celtic Star бұл сәтсіздікке тікелей клуб басшылығын кінәлады. 

— Бүгінгі жеңілістің жалғыз «оң тұсы» осы. Біріншіден, бұл бізге, жанкүйерлерге клубты қайта құруға мүмкіндік беріп отыр. Екінші «оң тұсы» — «Селтиктің» осы маусымдағы жағдайын айқындап берді. Біз жағдайы тығырыққа тірелген клубпыз және бүгін оған әлдеқайда ертерек куә болдық. Мұндай кері кету басшылықтың сәтсіз жұмысынан кейін болып отыр, - деп атап өтті The Celtic Star.

Еске сала кетсек, ойыннан кейін өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері Рафаэль Уразбахтинді оның атын ұрандата қарсы алды. Алайда «Қайраттың» бас бапкері өзін емес, алматылық ұжымның атын ұран етуге шақырды.

Соңғы жаңалықтар