Семей әкімдігінің ғимаратында жарылғыш зат іздестіріліп, 170 адам қауіпсіз жерге көшірілді
Ведомствоның мәліметінше, «102» нөміріне Семей қаласы әкімдігінің ғимаратында жарылғыш зат қойылғаны туралы жасырын хабарлама келіп түскен.
«Қазіргі уақытта Семей қаласының ПБ және шұғыл қызметтер бұл ақпаратты тексеріп жатыр. Сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігі үшін барлық қажетті шаралар қабылданды», – деп хабарлады ШҚО ПД.
Оқиға орнына барлық шұғыл қызметтер келіп жетті. Ғимараттың іргелес аумағы қоршалып, мекеменің 170-тен астам қызметкері қауіпсіз жерге көшірілді. Оқиға орнында иісшіл иттері бар саперлер мен кинологтар жұмыс істеуде.
«Азаматтардан сабыр сақтауды және ресми ақпаратқа сенуді сұраймыз. Жалған ақпарат үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын еске саламыз», – деп ескертті департаменттен.
ШҚО полиция департаментінде «102» нөміріне хабарласқан адамның анықталып жатқанын атап өтті.