Семей арулары «Наурыз аруы-2014» байқауында бақтарын сынады
Бұл туралы Семей қалалық Ішкі саясат бөлімінен хабарлайды.
Ақылына көркі сай бойжеткендер сайыстың 8 түрінен сынға түсті. Оларға Семей қалалық мәслихатының депутаты Е.Сұлтанов, Ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары А. Садырбаев, «Қазақстан-Семей» телеарнасының бас редакторы С.Нүсіпбаева, «Ертіс өңірі» газетінің бас редакторы К.Райыс және облыстық «Дариға-ай» жастар театрының әртісі Е.Әбдірахманұлы қазылық етті.
Әр кезеңде қыздардың инабаттылығы, парасаттылығы, өнерлілігі, шеберлігі және сымбаттылығы бағаланды.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған қыздар сынының қорытындысы бойынша колледждің шет тілі бөлімінде оқитын Малғажова Фариза бас жүлдеге ие болып, қалалық арулар байқауына жолдама алды.
Сыннан сүрінбей өткен Фариза алғашқы таныстыруында АҚШ-тан келген ұстаздарымен бірге үш тілде еркін сөйлеп, көрерменді таң қалдырса, кейінгі сайыстарда да жоғары жетістіктерімен көзге түсті.
Фаризаның ендігі мақсаты - колледждің үкілеген үмітін қалалық байқауда ақтау.