Семей автобустарында электронды билет енгізіледі

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде 2019 жылдан бастап автобустар электронды билетке көшеді. Бұл туралы қала әкімі Ермак Сәлімов қоғамдық көліктерге жасаған кезекті рейд кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Семей автобустарында электронды билет енгізіледі

2019 жылдың ақпанында қоғамдық көліктер арасында тендер өтеді. Содан кейін келісімшарт бойынша тасымалдаушыларға артылатын жауапкершілік күшейеді. Олар өздерінің автобустарын жаңартып, электронды билеттендіру жүйесін жолға қоюы керек.

Қала әкімінің сөзінше, билеттердің электронды болуы қызмет сапасын арттырып, тасымалдаушылардың кірісін нақты анықтауға мүмкіндік береді.

 «Бүгінгі күні біз инвестор арқылы электронды билетті қаржыландыру мәселесін қарастырып жатырмыз.  Бізге кәсіпкер тарапынан «Мен осы жабдықты сатып аламын» деген ұсыныс түсті. Қазір  осы мәселені зерделеу үстіндеміз. Егер барлық автобустарға электронды билеттендіру жүйесі орнатылса, жолаушылар қозғалысы туралы нақты деректер алуға және тасымалдаушылардың кірісін бақылауға  мүмкіндік болады», - деді қала басшысы.

Айта кетейік, биылдан бастап облыс әкімі Даниал Ахметовтың тапсырмасымен автобус парктерін жаңарту мақсатында байқау талаптары түбегейлі өзгерді. Алдағы өтетін байқау қарсаңында тасымалдаушы кәсіпорындар автобус жаңарта бастады. Мысалы, «Мусапиров» серіктестігі қала бойынша № 5,8,22 бағытында қызмет көрсететін орта санаттағы 20 автобусы бар паркті жаңалады. Оның үстіне, орта санаттағы тағы 50 автобус алуды жоспарлап отыр. Жалпы қалаға  әртүрлі санаттағы 170 жаңа автобус сатып алу керек.