Семей ГЭС-і құрылысы кезінде 2100 жұмыс орны ашылады
АСТАНА. KAZINFORM – Семей ГЭС-ін салу кезіндегі 5 жыл мерзімде 2100 жұмыс орны құрылады. Бұл туралы «Самұрық-Энерго» АҚ мәлім етті.
«Жұмысқа құрылыс-монтаждау қызметкерлері тартылады. Сонымен қатар, Семей ГЭС-і іске қосылған кезде, сонда жұмыс істейтін персоналдың жалпы саны 120-дан астам адамды құрайды», - делінген аталған компанияның Kazinform агенттігіне берген жауабында.
«Самұрық-Энерго» АҚ мәліметінше, ГЭС құрылысы Ертістің төменгі ағысындағы су режимінің өзгеруіне байланысты ешқандай қауіп төндірмейді. Сонымен қатар, станция су қоймасын құру арқылы өзен бассейнінің су режимін тұрақтандырады.
Бұған дейін Семей ГЭС-інің құрылысы біртұтас жүйедегі электрлік маневрлік қуатты 300 МВт-қа арттыратыны хабарланды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Ресеймен бірлесе отырып, Ертіс өзенінің бойында су электр станциясын салу туралы келіссөз жүргізіп жатқаны хабарланды.