«Семей Гиннестің рекордтар кітабына кіруі мүмкін» - республикалық басылымдарға шолу
***
Кеше Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) Парламенттік сайлауларды байқау жөніндегі миссиясының басшысы Миклош Хараштимен кездесті. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Миссияаралық есебін жариялайды» деген тақырыппен мақала басылды. Басылымның атап өтуінше, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның Парламенттік сайлауларды байқау жөніндегі миссиясының басшысы Миклош Харашти бүгін Қазақстандағы сайлау науқанына байланысты аралық есепті жариялайтындықтарынан хабардар етті. Және де министрге миссия жұмысы жайлы әңгімелеп берді. «Біз ертең өзіміздің сайтымызда аралық есепті жариялаймыз. Бұл есепте сайлауалды науқан барысы, Орталық сайлау комиссиясының, медиалардың жұмысы, партиялардың тіркелуі немесе тіркелмеуі сынды жәйттер қамтылады», - деді Парламенттік сайлауды байқау жөніндегі миссия басшысы.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы республикалық сайлауалды штаб мүшелері 2012 жылғы алғашқы кездесулерін Батыс Қазақстан облысында өткізді. Нұротандықтар «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-әрекет жоспары» сайлауалды тұғырнамасының басым бағыттарын облыстың этномәдени бірлестіктер өкілдерімен, мұғалімдермен және дәрігерлермен талқылады. Батыс Қазақстан өңірінің тұрғындары Ұлт көшбасшысының партиясын қолдайтындарын жеткізді. «Нұр Отан» партиясы қазақстандықтарды толғандырған кез келген мәселені жан-жақты қарап, барлық жағдайды ескере отырып, шешуге тырысады. Сондықтан болар, кездесуде жұртшылық «Нұр Отанның» мақсат-мүддесімен таныс екендіктерін және партияны толыққанды қолдайтындықтарын көрсетті. Олар 15 қаңтар күні сайлауда «Нұр Отанды» қолдауға дайын екендіктерін мәлім етті. Сонымен қатар осы басылымнан Парламент сайлауы додасына түсіп жатқан басқа да партиялардың үгіт-насихат жұмыстарымен кеңінен таныс боласыздар.
***
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаодан ҚХР мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толуына байланысты құттықтау хат келді», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Ху Цзиньтао өзінің құттықтау хатында бұдан 20 жыл бұрын Қытай мен Қазақстанның ресми дипломатиялық қатынастарының орнауымен екі ел халықтарының арасында достық байланыстардың жаңа парақтары ашылғанын атап өткен. Өткен 20 жыл бойына Қытай-Қазақстан қатынастарының қарқынды дамуының жағымды үрдісі өзгеріссіз сақталуда. Тараптар өзара сенімнің жоғары деңгейіне қол жеткізді, өзара мүдделестік тудыратын маңызды мәселелерде бір-біріне нақты қолдау көрсетті. Жемісті ынтымақтастықтың айқын нәтижесі сауда, инвестиция, энергетика, көлік, инфрақұрылымдық құрылыс және өзге салаларда көрініс тапты.
***
«Семей Гиннестің рекордтар кітабына кіруі мүмкін», - деп жазады «Литер» газеті бүгінгі санындағы «Городская площадь» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, бұндай бастаманы Семей мемлекеттік педагогикалық институтының студенттері көтеріп отыр. Шындығында да осыған дейін ескерілмей келген қаланың бұл ерекшелігі әлемнің өзге қалаларында жоқ болып шығыпты. Қазір қалаға қарасты төңіректің ресми көлемі елдімекендерді қосқанда 27,5 мың шаршы шақырымды құрайды екен.