Семей қаласының оң жағалауында жаңа саябақ салынады
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласының оң жағалауында жаңа саябақ салынады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Қаланың оң жағалауында орналасқан Бегалин көшесінің қиылысынан бастап Челюскинцев көшесінен Силин көшесіне дейінгі бөлігінде тұрғындардың демалуына және бос уақытын өткізуіне арналған саябақ аймағын құру жоспарланып отыр. Ауданы 0,2 гектар аумақта тротуар плиталарынан жаяу жүргіншілер жолдарын төсеу бойынша жұмыстар жүргізіле бастады. Мұнда балалар ойын алаңдары салынып, жарықтандырылып, ағаш отырғызылады», - делінген әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Жергілікті құзырлы орган ақпаратына қарағанда, бұрын бұл аумақта қоқыс пен келсілген ағаш қалдықтарының үйінділері болған. Оны тазарту жұмыстары осы айда аяқталады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бұл демалыс орынынан бөлек, Семейде тағы бір табиғи саябақ салынады. Шаһардағы экотуризмді жақсарту мақсатында қаладағы «Бейбітшілік» аралында саябақ ашылады. Жоспарға сәйкес, онда түрлі өсімдіктер отырғызылып, сирек кездесетін құстардың түрі көбейтілмек.
Сондай-ақ, Абай облысының орталығында жалпы ауданы 3 500 шаршы метр болатын стрит-арт, скейт-парк және паркур мен воркаут спорт алаңдары бар жаңа қоғамдық демалыс орны бой көтереді. Ол Семейдегі аспалы көпірдің астына салынады.