Семей машина жасау зауытының қызметкерлері жалақыларын ала алмай жүр

Әлеуметтік желіде «Семей машина зауыты» АҚ қызметкерлеріне жалақының кешіктірілуіне қатысты видео тарады. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев аталған мәселе бойынша шұғыл кеңес өткізіп, зауыт басшылығына нақты тапсырмалар берді.
«Кеңеске компания басшылығы мен жауапты мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты. Нұрлан Ұранхаев кәсіпорын қызметкерлерінің, оның ішінде бұрын еңбек шарттары бұзылған қызметкерлерге де берешекті өтеуді жеделдетуді тапсырды. Өңір басшысының тапсырмасы аясында «Oljakol» компаниясы кәсіпорын қызметкерлерінің өкілдерімен бірлесіп, жалақы бойынша берешекті кезең-кезеңімен өтеу кестесін жасауы тиіс», - делінген баспасөз мәлімдемесінде.
Сондай-ақ, жұмысшылардың арызына сәйкес еңбек инспекциясы «Семей машина жасау зауыты» АҚ-ға қатысты жоспардан тыс тексеру тағайындады.
Осы мәселе бойынша 12 шілдеде қайтадан жиналыс өтеді. Онда облыс әкімі берген тапсырмалардың орындалуы қаралып, қолданыстағы заңнама шеңберінде тиісті шаралар қабылданады.