Семей орманы өртіне кінәлі шенеуніктер жазаланды ма

Семей орманы резерватындағы алапат өрттен кейін Мемлекет басшысы өртке жол берген жауапты тұлғаларды жазалауды тапсырды. Осы орайда Экология және табиғи ресурстар министрлігі қанша шенеунікке қандай жаза қолданылғаны туралы мәліметпен бөлісті, деп хабарлайды Kazinform. 

Семей орманы өртіне кінәлі шенеуніктер жазаланды ма
Фото: instagram.com/glpr.semeyormany

«Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2023 жылғы 14 шілдедегі № 109-өкімімен Абай облысында орман өртіне тиісті ден қою және оны жоюды ұйымдастыруды қамтамасыз етпегені үшін жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін Экология және табиғи ресурстар бірінші вице-министрі Н.К.Шәрбиевке «сөгіс» жарияланды. Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Н.Н.Қылышбаевпен еңбек шарты тоқтатылды (2023 жылғы 14 шілдедегі № 238), комитет төрағасының орынбасары Е.Н.Құтпанбаевқа «қатаң сөгіс» жарияланды (2023 жылғы 12 қыркүйектегі №194) және Абай облысы бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы М.М.Елемесовке «қатаң сөгіс» тәртіптік жаза қолданылды (2023 жылғы 8 қыркүйектегі № 189)», - деген жауап алдық министрліктен ресми сауалға.

Сондай-ақ ведомство Төтенше жағдайлар министрі және вице-министр лауазымынан босатылғанын мәлім етті.

Одан бөлек, Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінен 5 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Соңғы жаңалықтар