«Семей орманы» резерватының өрт шарпыған ағашын сатудан қанша табыс түсті
АСТАНА. KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Семей орманы» резерватының өрт шарпыған ағашын сатудан мемлекет қанша табыс тапқанын айтты.

— Былтыр ниет танытқандар сонша көп болған жоқ. Біз 1,5 млн текше метр көлеміндегі ағаш сүрегін сату үшін аукцион өткізген болатынбыз. Қазір күйік шалған 63 мың гектар алқапта 6 млн текше метр орман қурап тұр. Осы 6 млн текше метрдің 10-15 проценті ғана іске жарамды. Қалғаны өтімді тауар деуге келмейді. Құрылысқа жарамсыз. Ағаш кесуге арналған телімге келген адам ағаштың 85 пайызы отынға ғана жарайтынын бірден көреді, — деді ол.
Министрдің сөзінше, мұндай ағаштың әр текше метрі 10,5 мың мың теңгеден сатылып жатыр.
— Биыл ірі ағаш өңдеуші зауыт инвестор ретінде кіріп отыр. Осы процестерді жеделдетеміз деп ойлаймын. Былтыр 159 мың текше метрге күйген ағаш сүрек ретінде әзірленді. Оның әр текше метрін 10 500 теңгеден сатылды (159 мың текше метр × 10 500 теңгеден = 1 млрд 669 млн 500 мың теңге). Енді осыны есептеп көріңіз, қазір қолымда калькулятор болмағандықтан нақты айта алмай тұрмын, — деді Ерлан Нысанбаев.
Еске салсақ, былтыр «Семей орманында» өрт шығып, 15 адамның өмірін жалмаған болатын.