Семей орманындағы өрт: Оқиғалар хронологиясы

АСТАНА. ҚазАқпарат – 8 маусым күні Семей орман резерватынан өрт шықты. Төтенше жағдайдың алғашқы сәтінен бастап өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жұмысқа кірісіп, міндетін атқарып келеді. Алапат өрттің ауқымына байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды. Мамандар тілсіз жаумен әлі күресіп жатыр. Осы орайда ҚазАқпарат Абай облысындағы алапат өрттің оқиғалар тізбегін ұсынады.
None
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Семей резерватындағы өрт 8 маусым күні түс уақытында басталды. Басында өрт аумағы шамамен 20 гектарды құраған, кейін жалын өрши түсті.

Фото: t.me/abai_oblysynyn_akimdigi

«8 маусым күні сағат 12:03-те Семей қаласынан 25 шақырымдай қашықтықтағы Батпаев орман шаруашылығының 66 кварталында өрт шыққаны туралы хабар түсті. Өрт найзағайдың 2 рет соғуынан шыққан. Өртті тез арада ауыздықтау мүмкін болмады, оған себеп «Семей орманы» мемелекеттік орман табиғи резерваты техникасы биік құм төбелері орналасқан аймаққа жете алмады. Өрт орман шаруашылығы орналасқан жерден қашықтығы 11 шақырымды алса, техника жеткенше өрт аумағы 20 гектарды құрады. Жоғары температура мен қатты желдің салдарынан өрт екі сағаттың ішінде 200 гектар аумақты шарпыды, - деді Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.

Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Орман өрті Успен, Поднебесное, Барышевка ауылдарына қауіп төндіретіндіктен тұрғындар жедел түрде эвакуацияланды. Барлығы 316 адам көшірілген.

Сондай-ақ, мамандар өрт сөндіру ауа райының қолайсыздығына байланысты қиындап кеткенін айтты.

Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариковтың мәлімдеуінше, географиялық жағдай да өте қиын, себебі жер бетіндегі ауыр техника құм төбелерінен әрең өтеді.

Келесі күні, 9 маусымда Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.

Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында (Батпаев орман шаруашылы 66, 67, 55, және 42-кварталдар) өрттің тұтануына байланысты Семей қаласының аумағында жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жариялансын», - делінген Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатовтың шешімінде.

Сонымен қатар әкімдік ақпаратында Абай облысының Бородулиха ауданында төтенше жағдай әлі де сақталып тұрғаны айтылған.

Сол күні араға уақыт салып Үкіметтің баспасөз қызметі Абай облысындағы орман өртін сөндірумен айналысып жатқан 14 маманмен байланыс үзіліп, оларды іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Фото: t.me/KZgovernment

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Абай облысындағы табиғи өртті сөндіру жөніндегі Төтенше жағдайлар министрлігінің ахуал орталығының базасында жедел республикалық штаб отырысын өткізді.

Отырыс барысында оқиға орнынан облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев пен Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Марат Күлдіков баяндама жасады.

«9 маусым күні сағат 16.00-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге жеке құрамнан 662 адам және 177 техника, 6 тікұшақ жұмылдырылған. Авиациялық техникамен өртті сөндіру үшін 80 рет жалпы көлемі 192 тонна су төгілді. Қазіргі уақытта орман шаруашылықтарының 14 қызметкерімен байланыс үзілген. Оларды іздеу шаралары жүргізіліп жатыр. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, Астана қаласы және Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменттерінен 133 адам және 48 техника, сондай-ақ қосымша 4 тікұшақ жіберу туралы шешім қабылданды», - делінген хабарламада.

Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Санаулы сағаттан соң Семей орманындағы өртті сөндіруге жұмылдырылған 3 маман қаза тапқаны туралы суық хабар жетті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сол кездегі Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге тапсырма берді.

Абай облысындағы алапат өртке байланысты Президент Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге оқиға орнына жедел барып, өрт сөндіру жұмыстарын басқару міндетін жүктеді

Үкіметке және Абай облысының әкімдігіне қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына барлық қажет көмекті көрсету тапсырылды.

Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

ТЖМ орман шаруашылығының үш қызметкері қаза тапты, тағы 11 қызметкердің іздестіріліп жатқаны туралы хабар таратты.

Семейдегі орман өртінің ушығуына байланысты жедел желі іске қосылды.

«Абай облысындағы табиғи өртке байланысты жедел желі ашылып, ТЖМ және ТЖД психологтарының жұмысы ұйымдастырылды: 8 7172 53 32 84, 8 722 235 38 31», - деп жазылған Экология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарламасында.

Сонымен қатар көмекке мұқтаж халық 112 және 101 телефондары арқылы хабарласа алатыны айтылған.

Айта кетейік, Абай облысындағы өртке байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнамға ресми сапарын кейінге шегерді.

11-13 маусым күндері Президенттің Вьетнамға ресми сапары жоспарланған еді.

Ақордадан Мемлекет басшысының шұғыл кеңес өткізіп, апаттан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету шараларын қабылдау үшін Абай облысына баратыны хабарланды.

Орманға жақын маңдағы елдімекен тұрғындарының қауіпсіздігі назардан тыс қалмады. Семей билігі 800 адамға дейін сыятын тоғыз эвакуациялық пункт дайындады.

Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Онда Озерки ауыл округінің Каштак, Полинки, Тепкаши және Талица ауылдарының тұрғындарын қабылдайды.

Эвакуациялық пунктілер келушілердің уақытша тұруы үшін қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етеді. Олар колледж, ЖОО және қалалық қонақүй ғимараттарында орналасқан.

Осы пунктердің әрқайсысында ыстық тамақ және бірінші кезекте қажетті заттарды беру жұмыстары ұйымдастырылған.

Халықты жедел эвакуациялау үшін 10 автобус жіберілді.

Тілсіз жаумен күресте өрт сөндіру мамандарына әскерилер көмекке келді. Өртті ауыздықтауға Қарағанды және Алматы облысынан әскерилер тартылды.

Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Сонымен қатар, өрт орнына арнайы байланыс құралдарымен жарақтандырылған жылжымалы басқару пункті қосымша жіберілді.

Кеше Төтенше жағдай мамандары аптап ыстық пен жел Абай облысындағы өртті сөндіруге кедергі болып отырғанын айтты.

«Жұмыс барысына күннің ыстығы, жел кедергі келтіріп, орманның ішкі жағына кіруде қиындық бар. «Абай облысы Семей резерватындағы орман өрті бойынша қазір жағдай тұрақты. Таң атқалы өртті барлау жұмысы жүріп жатыр. Қазір тілсіз жаумен күреске 8 тікұшақ жұмылдырылып, өрт сөндіріліп жатыр», - деген еді Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов.

Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Ал түсте Семей орманындағы өрттің аумағы 60 мың гектардан асып кеткені белгілі болды. Тілсіз жаумен күрес үш бағытта жүрді.

Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Абай облысындағы ірі табиғи өртті жою шаралары талқыланып, өртті сөндіруге барлық қажетті күш-құралдардың ұйымдастырылғаны мәлім етілді.

Жиын барысында белгілі болғандай, елдімекендерге төнген қауіп сейілді және жағжай бақылауда.

Фото: primeminister.kz

10 маусым күні кешке қарай Төтенше жағдайлар министрлігі орман өртінен қайтыс болғандардың саны 14-ке жеткенін хабарлады.

Абай облысындағы өрт сөндіру жедел штабының мәліметінше, іздеу жұмыстары барысында тағы 11 қаза тапқан адамның денесі табылған.

Арада көп уақыт өтпей өрттен көз жұмған орманшылардың тізімі жарияланды.

Еске сала кетсек, «Семей орманы» резерватында болған ірі орман өртін жою кезінде Новошульба филиалының 14 қызметкерімен байланыс үзіліп, хабар-ошарсыз қалған болатын.

Төтенше жағдайлар министрлігінің бүгін таңертеңгі ақпаратына сәйкес, Семей орманында 1500 адам және 300-ге жуық техника бес учаскеде өрт сөндіріп жатыр.

Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Қазіргі уақытта өрт сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитетінен, ЖАО және Қорғаныс министрлігінен 1500 жуық адам, 290 астам техника жұмылдырылған.

Өрт сөндіру жұмыстары басталғаннан бері өрт ошақтарына әуеден 486 рет жалпы көлемі 1 000 жуық тонна су ағызылды.

Алматы қаласы, Алматы облысы ТЖД жіберілген күш-құралдар, Қарағанды және Алматы облыстарының ҚР ТЖМ әскери бөлімдерінің қызметкерлері өрт сөндіруге кірісті. Одан бөлек, арнайы жіберілген жылжымалы басқару пункті өз функциясын атқарып жатыр.

Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Апаттар медицинасы орталығының бригадасы қажет болған жағдайда шұғыл медициналық көмек көрсетуге дайын.

Сондай-ақ, бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Абай облысына барды.

Сапар барысында Президент орман алқаптарындағы өрт сөндіру жұмыстарымен танысады, шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізеді және өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстарымен кездеседі.

Мемлекет басшысы Абай облысында өртенген орман алқабын тікұшақпен аралап шықты.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Президентке Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков пен Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өрт сөндіру жұмысының барысы және апат салдарымен күрес жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады,

Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесуде ертең, 12 маусым елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді.
– Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданады. Қазір кеңес өткіземін. Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Соңғы жаңалықтар