Семей орманындағы өртті сөндіруге Қарағанды және Алматы облысынан әскерилер тартылды
Қазіргі уақытта Абай облысында 3 учаскеде: Поднебесное, Успенка ауылдарында, Каштак орманшылығында өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Аэровизуалды тексеру жүргізілу үстінде.
Сонымен қатар, өрт орнына арнайы байланыс құралдарымен жарақтандырылған жылжымалы басқару пункті қосымша жіберілді.
Басқару органы ол жерден төтенше жағдай аймағындағы өз функцияларын атқара береді.
Еске сала кетейік, «Семей орманы» резерватында 8 маусым күні өрт шыққан болатын.
«Өрт найзағайдың 2 рет соғуынан тұтанған. Өртті тез арада ауыздықтау мүмкін болмады, оған себеп - «Семей орманы» резерватының техникасы биік құм төбелері орналасқан аймаққа жете алмады», - деген болатын Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.
Кейінірек Семей орманындағы өртті сөндіруге жұмылдырылған 3 маман қаза тапты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге Абай облысындағы оқиға орнына жедел барып, өрт сөндіру жұмыстарын басқару міндетін жүктеді. Үкіметке және Абай облысының әкімдігіне қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына бүкіл көмекті көрсетуді тапсырды.
Сондай-ақ Семей қаласында жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.
Абай облысындағы өртке байланысты жедел желі ашылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11-13 маусым күндері Вьетнамға жоспарланған ресми сапары кейінге шегерілді.