Аптап ыстық пен жел Абай облысындағы өртті сөндіруге кедергі жасап отыр
«Абай облысы Семей резерватындағы орман өрті бойынша қазір жағдай тұрақты. Таң атқалы өртті барлау жұмысы жүріп жатыр. Қазір тілсіз жаумен күреске 8 тікұшақ жұмылдырылып, өрт сөндіріліп жатыр», - дейді Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов.
Оның айтуынша, жұмыс барысына күннің ыстығы, жел кедергі келтіріп, орманның ішкі жағына кіруде қиындық бар.
«Өрт сөндіру жұмысына барлық құзырлы мекемелер тартылды. Оның ішінде жергілікті атқарушы органдар, орман шаруашылығы мамандары, Қорғаныс министрлігінің жеке құрамы, тағы басқалар бар», - дейді өртке қарсы қызмет комитетінің басшысы.
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев «Шығыс» өңірлік қолбасшылығынан қосымша 200 әскери қызметші мен 8 техника отпен күреске жіберілгенін атап өтті.
«Принебесное, Успенка, Каштак, Талица ауылдарында өрт сөндіру жалғасып жатыр. Жетісу, Алматы, Қызылорда облыстарынан, Алматы және Қарағанды қалаларынан қосымша күш келеді. Бүгін таңертең «Шығыс» өңірлік қолбасшылығынан 200 әскери қызметші мен 8 техника жұмылдырылды. Жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар облыстық және республикалық штабта жедел желі ұйымдастырылған. Таңғы сағат 7-де аэровизуалды барлау жүргізілді», - деді Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Еске сала кетейік, «Семей орманы» резерватында 8 маусым күні өрт шыққан болатын.
Кейінірек Семей орманындағы өртті сөндіруге жұмылдырылған 3 маман қаза тапты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге Абай облысындағы оқиға орнына жедел барып, өрт сөндіру жұмыстарын басқару міндетін жүктеді. Үкіметке және Абай облысының әкімдігіне қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына бүкіл көмекті көрсетуді тапсырды.
Сондай-ақ Семей қаласында жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.
Абай облысындағы өртке байланысты жедел желі ашылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11-13 маусым күндері Вьетнамға жоспарланған ресми сапары кейінге шегерілді.