«Семей орманынан» 520 млн теңгенің көшетін ұрлағандар 5 жылға түрмеге қамалды
СЕМЕЙ. KAZINFORM – «Семей орманы» резерватынан 264 426 көшетті ұрлағандарға қатысты сот үкімі шықты.

Абай облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Бесқарағай ауданы аумағында жедел-іздестіру іс-шарасы жүргізген. Соның нәтижесінде «Семей орманы» РММ Долон филиалынан жалпы сомасы 519 861 516 теңгеге бағаланған 264 426 көшеттің жасырын ұрланғаны анықталды.

— Аталған факті бойынша аса ірі көлемдегі ұрлыққа қатысы бар облыс тұрғындарына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді. Тергеу аяқталған соң іс сотқа жіберілді, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Курчатов қаласының сотында күдіктілердің кінәсі дәлелденіп, үкім шықты. Соған сәйкес екі айыпталушы мүлкін тәркілеусіз 5 жыл мерзімге бас бостандықтарынан айырылды.

Еске салсақ, осыған дейін Ертіс бойы орман шаруашылықтарының өртке қарсы әлеуеті әлсіз екендігі жайлы жазғанбыз.