Семей орманында сирек кездесетін сілеусін көзге түсті

СЕМЕЙ. KAZINFORM — «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері сирек кездесетін сілеусінді байқап, бейнежазбаға түсіріп алды.

Семей орманында сирек кездесетін сілеусін көзге түсті
Фото: Видеодан алынған скрин

Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Бөкебай филиалына қарасты Шадруха орманшылығында қызметкерлер сирек кездесетін сілеусінді көрген. 

— Бұл кішкентай, түнгі аңшы — табиғаттың нәзік болмысты жыртқышы. Оның көзге түсуі — резерваттың бай биоалуандығының және экожүйе саулығының айқын дәлелі. Сілеусін табиғаттың биологиялық әртүрлілігін қорғайтын аң. Оның аңшылық шеберлігі — экожүйенің тепе-теңдігін сақтаудағы маңызды күш, — деп хабарлады резерват мамандары.

Резерват аумағында аңшылыққа қатаң тыйым салынған. Жануарларды қорғау шаралары табиғаттың байлығын сақтап, сирек кездесетін аңдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүргізіледі. 

Еске салсақ, осыған дейін Баянауылда қалың қарға омбыққан бұлан бейнетаспаға түсіп қалғаны жайлы жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар