Семей орманындағы алапат өрттен кейін қорғау жүйесі қалай күшейтілді

АСТАНА. KAZINFORM — 2023 жылы ірі орман өртінен кейін «Семей орманы» резерватын тілсіз жаудан қорғау бойынша қандай жұмыстар атқарылды? 

Семей орманындағы алапат өрттен кейін қорғау жүйесі қалай күшейтілді
Фото: Атырау облысы әкімдігі

Бұл сауалды Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Елемесовке қойған едік.

— 2023 жылғы өрт «Семей орманы» резерватының ғана емес, бүкіл мемлекеттік орман шаруашылығының материалдық-техникалық базасына қатысты бірқатар мәселені көрсетті. «Семей орманына» келер болсақ, 2023 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 10 жаңа КАМАЗ маркалы өрт сөндіру автоцистернасы, 26 шағын орман өрт сөндіру кешені, түрлі модификациядағы шамамен 30 дөңгелекті трактор сатып алынды, — деді Мақсат Елемесов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, орман резерваты қызметкерлері 100% өрт сөндіру арнайы киіммен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, БҰҰ Даму бағдарламасы тарапынан шамамен 160 диапазонындағы радиостанция (мобильді және тасымалданатын) тегін берілген. Сондай-ақ демеушілер «Семей орманына» 4 ГАЗ-3308 өрт сөндіру автоцистернасын табыстады.

Бүгінде «Семей орманының» балансында 79 өрт сөндіру автоцистернасы бар, бұл нормадан (66 техника) артық. Алайда оның жартысына жуығының пайдалану мерзімі өткен және тозу деңгейінің жоғары болуына байланысты есептен шығарылуы тиіс.

— Осы орайда биыл лизинг аясында өтімділігі жоғары, сыйымдылығы үш текше метр болатын 34 жаңа өрт сөндіру автоцистернасы сатып алынбақ. Бұл техника қозғалыс барысында өртті сөндіре алады. Қазір сатып алу рәсімі жүріп жатыр. Техникаларды тамыздың соңына дейін «Семей орманы» резерватының қарулы құрамына жеткізіледі деп жоспарлап отырмыз, — деді Мақсат Елемесов.

Сондай-ақ, спикер биыл резерват аумағында 37 өртті ерте анықтау жүйесінің камералары орнатылғанын тілге тиек етті. Қазір бұл жабдық сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. «Семей орманы» қылқан жапырақты алқаптарының бүкіл аумағы ерте өрт анықтау жүйесімен толық қамтылмақ.

Одан бөлек, комитет төрағасы орынбасарының айтуынша, әуе мониторингі мен өрт сөндіру жұмысына сыйымдылығы бір текше метр болатын су төгетін құрылғысы бар екінші класты екі тікұшақ жұмылдырылған. Сонымен қатар, Семей қаласындағы әуежайда бес текше метрге дейін су төге алатын екі Ми-8 тікұшағы тәулік бойы кезекшілік етеді. Төтенше жағдай туындағанда Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті авиациясының күші мен құралын тарту мүмкіндігі бар.

Бұған дейін «Семей орманы» резерватына өртті ерте анықтау жүйесі енгізілетіні туралы хабарлаған едік

Сондай-ақ Абай облысының әкімдігі «Семей орманы» табиғи резерватында кадр тапшылығы мәселесін көтерді

Соңғы жаңалықтар