«Семей орманындағы» өртеніп кеткен ағаштар сатылып жатыр
СЕМЕЙ. KAZINFORM – «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында былтыр болған өрттен жанып кеткен ағаштар сатылымға қойылды. Қазір 720 млн теңгенің ағашы сатылып кеткен.
Өткен жылы 8 маусымда Семей орман резерватынан шыққан өрт Қазақстан тарихындағы ең алапат орман өрті болды.
14 орманшы қаза болып, 60 мың гектардан астам жер жанып кетті. Соның салдарынан келтірілген материалдық шығын 161 555 125 335 теңгені құраған. Өткен айда редакциямызға сұхбат берген Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев апат қайталанбас үшін қандай жұмыстар қолға алынғанын айтып берген еді.
«Қарағайлы орманды қалпына келтіру үшін облыс әкімдігі Жол картасын әзірледі. Қазір табиғи резерватта өртенген ағаштарды кесу, өңдеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Кесілген ағаштарды тереңдете өңдеу үшін зауыт қажет. Соған жеке инвестор қарастырып жатырмыз. Инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін «Өндіріс» индустриалды аймағынан жер бөлінді», - деді ол.
Сондай-ақ «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты бас директорының орынбасары Әсет Саиновтан жанып кеткен аумақта осы уақытқа дейін қандай жұмыстар атқарылғанын сұрап көрген болатынбыз.
«От шырпыған аумақты ағаш отырғызуға дайындап жатырмыз. Яғни жанып кеткен ағаштарды кесу, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Өртенген алаңда орман екпелерін отырғызудың жаңа жұмыс жобасы қарастырылды», - деп жауап берді ол.
Енді көптің көкейінде «Өртеніп кеткен ағаштарды не істейді?» деген сұрақ туындайды. Қазір сол үшін мемлекеттік тапсырыстар сайтында «Семей орманы» қорығында өртенген ағаштар сатылымға қойылған. Ол ағаштар құны 24 млн-нан 216 млн теңгеге дейінгі сомадағы 170-ке жуық лотқа бөлініп шығарылған. 720 млн теңгенің 6 лоты сатылып кетті. Бағасына қатысты айтар болсақ, қарағайдың текше метрі – 11 мың теңге. Бұл – ең қымбаты. Қайыңның текше метрі 1 900 теңгеден, ал көктеректікі 1 600 теңгеге бағаланған.
Айта кетейік, Семей орманында» 2021-2027 жылдары орман алқабын кеңейтудің кешенді жоспары жасалған. Барлығы 133 млн ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Сол арқылы өртенген ағаштардың орнына жаңасы отырғызылады.
Сол жоспар бойынша:
2021 жылы — 3 600 гектарға 17 млн көшет;
2022 жылы — 4 500 гектарға 21 млн 100 мың көшет;
2023 жылы — 2 440,1 гектарға 11 млн 248 мың көшет;
2024 жылы — 5 139,0 гектарға 24 млн 462 мың көшет;
2025 жылы — 4 900 гектарға 22 млн 988 мың көшет;
2026 жылы — 4 000 гектарға 17 млн 276 мың көшет;
2027 жылы — 4 150 гектарға 19 млн 418 мың көшет егіледі.