Семей: Соққы жеген жедел жәрдем қызметкері әділдік таппай жүр
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде жедел жәрдем қызметінің фельдшері Лариса Никушкина өзіне қол көтерген азаматтың үстінен жазған арызының қараусыз жатқанына шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еске сала кетейік, сәуір айының 26-сынан 27-іне қараған түні семейлік тұрғын науқастанып жатқан 2 жастағы баласына жедел жәрдем қызметін шақырады. Ал бригада келген уақытта баланың әкесі «кешіктіңдер» деп фельдшерді балағаттап, қол жұмсаған болатын.
ІІІ дәрежелі дене жарақаттарын алған фельдшер Лариса Никушкина Әуезов полиция бөліміне азаматтың үстінен арыз түсіреді. Бірақ іс әлі күнге дейін қараусыз жатыр. Қалалық Ішкі істер басқармасының бастығы Дулат Қазақпаев «Нұр Отан» партиясының филиалында өткізген қоғамдық қабылдауға келген фельдшер құқық қорғау органдарының жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді.
«Мені полиция қызметкерлерінің жұмысы таңғалдырды. Тіпті арызымды қабылдағылары да келмеді. Жазған арызыма байланысты бөлім полицейлері ешқандай жұмыс атқарып жатқан жоқ», - дейді Лариса.
Дулат Қазақпаев мәселені бақылауға алып, жақында шешілетінін айтты.
«Мәселеніңізді толық қарайтын боламыз. Барлығы заң аясында шешілетін болады. Азаматтан жауап алып, барлығын тексергеннен кейін хабарын беретін боламыз», - деді шаһардың бас полицейі.