Семей тұрғыны аралдан Қызыл кітапқа енген бірқазанды тауып алды

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Семей қаласының тұрғыны Бейбітшілік аралынан Қызыл кітапқа енген бірқазанды тауып, полицияға тапсырды. 

Семей тұрғыны аралдан Қызыл кітапқа енген бірқазанды тауып алды
Фото: Абай облыстық полиция департаменті

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшыларына аралда табылған сирек кездесетін бірқазан туралы ақпарат түскен.

– Азаматтардың өтінішіне табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері жедел әрекет етті. Инспекторлар биологиялық орталықтың мамандарымен бірден байланысып, бірқазанды әрі қарай тексеру және күтім жасау үшін тиісті орынға жеткізді, - делінген ақпаратта. 

Мамандар бірқазанды тексеріп, оны жылы орынға орналастырды. Қазіргі уақытта құсқа қажетті күтім жасалып, жағдайы тұрақты бақылауға алынған. Қызыл кітапқа енген қанаттының толық қалпына келуіне барлық жағдай қарастырылған.

– Жабайы жануарлар мен құстарды, әсіресе сирек кездесетін түрлерін тапқан жағдайда, оларды өз бетімен тасымалдауға тырыспай, дереу мамандарға немесе полицияға хабарлау қажет. Бұл олардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді, - делінген хабарламада. 

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да Қызыл кітапқа енген сирек жарқанат көзге түскені хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар