Семей жылыту маусымына дайын емес, бір қазандықта жағдай әлі күрделі
Семей қаласындағы Ғаббасов қазандығы әлі күнге дейін жылыту маусымына дайын болмай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Абай облысындағы аудан-қалаларда жылыту маусымына дайындық қызу жүріп жатыр.
Олқылықтарға жол бермес үшін құзырлы органдар бақылауды күшейткен.
Бүгін өңір әкімінің орынбасары Димитрий Гариков Семей қаласындағы қазандықтар мен жылу желілеріндегі жөндеу жұмыстарын тексерді.
Ол «Орталық» және «Ғаббасов» қазандықтарын, аула және магистральдық жылу желілерін аралады.

«Қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқан Ғаббасов қазандығындағы жағдай әлі күнге дейін өте күрделі. Қазір жұмыс істеп тұрған үш қазандықты уақытылы іске қосу да үлкен мәселе. Әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ету үшін жаңадан салынған төртінші қазандықты қазан айының біріне дейін қосуымыз қажет. Жұмыс қарқынын арттыру керек», - деді Димитрий Гариков.
Облыс әкімінің орынбасары тексеру барысында анықталған кемшіліктерді 15 қыркүйекке дейін қалпына келтіруді тапсырды.
Бұдан бөлек жақын арада қайта тексеру жүргізетінін ескертті.
Еске салсақ, осыған дейін Абай облысының халқына жылыту маусымында 570 мың тоннаға жуық көмір қажеттігі хабарланған.

