Семейді айналып өтетін жол салынбақ
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Семей қаласын айналып өтетін жол құрылысын 2028 жылға дейін салу жоспарланып отыр.

Жоба қазақ-қытай кәсіпорындарының бірлескен консорциумы негізінде биылғы тамыз айында басталады. Жоспар бойынша жол 2028 жылға дейін салынып бітуі тиіс.
Аталған бастама Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасы шеңберінде халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп іске асырылатын ерекше маңызы бар жобалар тізбесіне енгізілген.
— Облыс әкімі Берік Уәли мен «China Railway Asia-Europe Construction Investment Co.LTD» компаниясының бас директоры Чжоу Хайвэй Семей қаласын айналып өтетін автожол құрылысын жүзеге асыруға бағытталған келісімге қол қойды. Жаңа айналма жолдың салынуы өңірдің логистикалық әлеуетін арттырып, тоғыз жолдың торабындағы Семей қаласының көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді, — деп хабарлады Абай облысы әкімдігінен.
Айта кетейік, Семейдегі аспалы көпір арқылы жылына 700 мыңға жуық көлік өтеді.
Еске салсақ, осыған дейін Семейдегі аспалы көпірде көлік қозғалысы шектелетіндігі жайлы жазғанбыз.