Семейде 1,5 млрд теңгеге су жүйесі қондырғылары сатып алынады
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде сумен қамту және су өткізу жүйелері жаңғыртылады. Ұзақ жылдар жөндеу жүргізбеген «Семей Водоканал» мекемесі «Еуропалық қайта құру және даму банкіне» өтініш білдірген. Нәтижесінде 1,5 млрд теңге несие беріліп, бірнеше жаңа құрылғылар сатып алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы қаржыландырылған жобалар аясында сорғы бекеттеріне арналған жабдықтар, арна жуу және аралас машина, суды есепке алу аспаптары, хлорлау қондырғылары, автоматты сынама алу және инелі сүлгілеу жабдығы сатып алынады. Қазіргі уақытта мердігерлер жабдықтарды жеткізу үстінде. Жеткізіліп үлгерген жабдықтар, арна жуу, су есептеу құралдары көпшілікке арнайы таныстырылды.
Жобаның жалпы құны - 1,5 млрд 300 мың теңге. Сатып алынған мамандандырылған техникалар мен құрылғылар қала тұрғындарын таза ауыз сумен қамтуға бағытталып отыр.
Сондай-ақ, жоба аясында ұзындығы 7, 823 шақырым су құбыры, ұзындығы 0, 668 км болатын кәріз желілерін жаңғырту жоспарланып отыр. Айта кетейік, су жүйесін жетілдіруге қатысты жұмыстар 2018 жылы қаланың оң және сол жақ бөлігіндегі апатты аумақтарда атқарылмақ.
«Бүгінгі күні жаңғырту жұмыстарын жүргізуге бюджет қаражаты жеткіліксіз. Сондықтан біз бюджеттен тыс көздерді табуға тырыстық. Ал Еуропалық Қайта құру және Даму Банкінің аясында қалада бірнеше жобаны жүзеге асырдық. Бұл жобалар тұрғындардың игілігі үшін жасалып жатыр. Қазірде банк шеңберінде жасалған жалпы келісімшарт сомасы 12,8 млрд теңгені құрайды. Бұл тұрғындарды ыстық сумен және жылумен қамтамасыз ету бағытында. Қаланың Затон бөлігін, Қайнар, Новошульбинск, Новобаженово ауылдық округтерін таза сумен қамтамасыз етеміз», - деді қала басшысы Ермак Сәлімов.