Семейде 12 мың бөтелке жалған алкоголь тәркіленді

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржылық мониторинг агенттігі Абай облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен және Семей қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, заңсыз алкоголь өнімдерін өндіретін жасырын цехтың қызметін тоқтатты.

ы
Фото: Видеодан алынған скрин

Ведомство мәліметінше, тергеу барысында Семей қаласының тұрғыны тиісті лицензиясыз алкоголь өндіруді ұйымдастырғаны анықталған.

Белгілі болғандай, алкоголь өнімдері әртүрлі орынжайлар мен гараждарда спиртті сумен араластыру арқылы дайындалып, кейін танымал брендтердің атауымен шыны бөтелкелерге құйылған. Өнімге заңды сипат беру үшін алдын ала қолдан жасалған есепке алу-бақылау маркалары пайдаланылған.

- Тінту барысында заңсыз айналымнан «Finsky Ice» және «Сибирские морозы» атауларымен 12 мыңнан астам бөтелке алкоголь өнімі, 8 мыңнан аса бос бөтелке, 10 мың литрден астам спирт құрамды сұйықтық, жалған есепке алу-бақылау маркалары, сондай-ақ өндіру және буып-түю жабдықтары тәркіленді.

Сот санкциясымен цех орналасқан жекеменшік үйге, сондай-ақ өнімді тасымалдауға пайдаланылған үш автокөлікке тыйым салынды, - делінген агенттік ақпаратында.

Күдіктіге қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Қаржылық мониторинг агенттігі мұндай өнімдерді тұтыну азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіретінін ескертті.

– Жалған алкоголь өнімдерін пайдалану улануға, ішкі ағзалардың, соның ішінде бауыр мен бүйректің зақымдануына, тіпті адам өліміне әкелуі мүмкін, – деп мәлімдеді агенттік.

Айта кетейік, ҰҚК Шекара қызметі 60 млн теңгелік темекі контрабандасының жолын кесті.

Соңғы жаңалықтар