Семейде 50 ІТ-сынып ашылды

Семейде 50 мектепте робототехника кабинеттері жұмыс істейтін болды. Бұл сандық технологияларды дамытуға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмасы және «Нұр Отан» партияның бастамасымен «Menіn mektebіm» жобасы аясында жүзеге асып отыр.
Аталған IT сыныптарға қажетті құрал-жабдықтар демеушілердің көмегімен сатып алынған. Әрбір сыныпта 11 ноутбук, диодты экран, робототехника жиынтықтар, 3D принтерлер бар. Мектеп оқушылары робототехника, модельдеу, бағдарламалау, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар негіздерін үйрену үшін заманауи жабдықтармен жұмыс істейтін болады. Оқушыларды бес модуль бойынша теориялық және практикалық дайындықты аяқтаған мұғалімдер үйретеді. Барлығы 100-ге жуық информатика пәнінің мұғалімі робототехникалық жобаларды модельдеу, бағдарламалау бойынша білімдерін жетілдірген.
«Қала мектептердегі оқушыларға арналған цифрлық білім мен дағдыларды қол жетімді болуын қамтамасыз ету, цифрлық сауаттылықты арттыру және ақпараттық технологияларды дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасын жатыр. Бұл өз кезегінде оқушылардың жеке қабілеттерін одан әрі дамытуға ықпал етеді»деді қала әкімі.
3 сынып оқушыларына сабақ ойын, көрнекі құралдар арқылы жүргізіледі. 4-5 сыныпта роботтық жүйелер, 6 сыныпта веб-дизайн негіздері, 7-9 сынып 3D модельдеу, 10-11 сынып оқушылары мехатроника және логикалық контроллерлерді бағдарламалауды үйренетін болады.
Фото: lajm.lt