Семейде 60 жас отбасы пәтер кілтіне ие болды

Докучаев, 1А көшесіндегі 2 подъезді 60 пәтерлі жатақхана «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасының 3-ші бағыты - еңбек ресурстарының мобильділігін көтеру бойынша салынды. Оның құрылысына 200 миллион теңге жұмсалды.
«Жұмыспен қамту орталығының» директоры Тұрсынбек Шинжиннің айтуынша, жатақханаға барлық коммуникация тартылды, қажетті инфрақұрылымы бар. «Нысан жұмыспен қамту орталығының бақылауында болады. Баспананы күтіп ұстау үшін жеке пәтер иелері кооперативімен де келісім жасалған. Жатақханаға мемлекеттік қаражат есебінен қызмет көрсетіледі. Пәтер керек жарақтармен жабдықталды, - деді Т.Шинжин.
Жекешелендіруге жатпайтын тұрғын үй жас жанұяларға алдағы 5 жылға беріледі. Төлем небары шамамен 3 мың теңгені ғана құрайды.
«Сонымен қатар жас жанұялар коммуналдық қызметті де өздері төлейді. Дегенмен сома көп болмайды. 5 жылдың ішінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ға қор жинап, ары қарай өздеріне үй сатып алатын болады. Елбасының сындарлы саясатының, қала әкімінің белсенді жұмысының арқасында жастар үшін жағдайлар жасалуда. Мына жатақхана соған дәлел, - деп есептейді Т. Шинжин.
«Бүгін жаңа жатақхананы қолданысқа беріп отырмыз. Атап өту керек, бүгінгі жатақхананың өткендегілерге қарағанда артықшылығы бар, соның ішінде сапасы жағынан да жақсы. Пәтер иелерін құттықтап, бұл сіздерге жарқын болашаққа жол ашсын деп тілеймін. Зор денсаулық, бастамаларыңызға сәттілік тілеймін, - деді Айбек Кәрімов.
Жас жанұяларды қолдау мұнымен шектелмейді.
Қоныс иелеріне қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы мамандық алу мен жұмысқа орналасуда және болашақта баспаналы болуға қолдау көрсетіледі.