Семейде 73 жастағы әже жастарға сырмақ тігуді үйретеді

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Қазақ қол өнерінде киізден жасаған бұйымдар қайталанбас туынды. Солардың бірі - сырмақ. Бүгінгі күні ежелден келе жатқан сырмақты сырып, жас қыз-келіншектерді осы өнер түріне баулып жүргендердің бірі семейлік Қүләш Төлеубаева. Саусағынан бал тамған қолөнер шеберінің сырмақ сыру сүйікті ісі.

Кейіпкеріміз Қүләш Төлеубаеваның мамандығы қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі. 30 жыл ұстаздық қызмет атқарған. Алайда зейнет жасына шыққан соң ине мен жіпті серік еткен. Қазақы дәстүрдің қолтаңбасы бар сырмақ жасаумен айналысады. Бүгінде жасы 73-ке келсе де сүйікті ісінен қол үзген емес.

Күләш апа 1946 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Ақсуат ауданында дүниеге келген. Бала кезінен қолөнерге жақын болып өскен ол бүгінде өз білетінін қыз-келіншектерге дәріптеп, үйретіп жүр.null

«Бала кезімнен қолөнерге жақынмын. Әкемнің қаны, анамның сүтімен бойыма дарыған ерекше қабілет деп айтар едім. Себебі, әркімнің қолынан келе бермейді. Нағашы әжем ісмер болған екен. Әкемнің апалары да шебер кісілер болған. Кішкентай кезімде әкемнің апалары тігін тігіп жатқанда қызығып қарап отыратынмын. Жастайымнан осы кісілердің жасаған жұмысын көріп өстім. Зейнетке шыққан да әжелерімнің жолын жалғастырып қолөнермен айналысайын деп «Айша бибі» орталығына келдім», - дейді кейіпкеріміз.null

Ең алғаш қолынан шыққан туындысы - қолдорба. Мектепте жұмыс істеген уақытта мұғалімдер ұстайтын қолдорбаға қатты қызығушылығы артқан соң өзі жасап көруге тырысады. Картон қағазды бүркеп, сыртын матамен қаптап өзіне сөмке тігіп алғанын айтады. Содан кейін біртіңдеп бұл істің қолынан келетініне сенімі артып, бастап кеткен.

Күләш апаның күні бойы тапжылмай отырып, тіккен дүниелері көздің жауын алады. Оның қолынан шыққан қол сөмке мен сырмақ, құрақ көрпелер көпшіліктің сұранысына ие. Сондықтан сатып алушылар көп. 1 сырмақтың бағасы 15 мың тенге.

«Мен үшін сырмақ тігудің еш қиындығы жоқ. Өйткені, мен бұл іске төселіп алдым, шеберімін деп айта аламын. Кез-келген материалды тастамаймын. Керегіме жаратамын. Ал сырмақ сырумен соңғы 3 жылда айналысып келемін. Бұған ең алдымен төзімділік керек», - дейді Күләш апа.

Ісмер бір сырмақты жасауға бір жарым ай уақытын жұмсайды. Өйткені, үлгісін, ою-өрнегін орналастырудың өзі қиын екенін айтады.

«Сырмақтың көркін ашатын ою-өрнек. Егер ол бір-бірімен дұрыс келмесе әдемі көрінбейді» деген шебер қошқар мүйіз, құс қанаты оюларын жиі пайдаланатынын айтады. Бүгінде 70-ке жуық жұмысы бар.

Қазірде Күләш апа құрақ құрастырып, сырмақ сыруға ниеті бар қыз-келіншектерді, немелерін үйретіп жүр. Мақсаты - кенже қалып бара жатқан өнерді жандандыру.

Соңғы жаңалықтар