Семейде ақша үшін танысын өлтірген қаскөйлер сотталды

Семей қаласының тұрғыны Б.Нуркин өзінің металл қабылдап, сатумен айналысатын танысы Қ.Сағындықовтан «КамАЗ» автокөлігімен жалпы сомасы 2 022 000 теңгені құрайтын металл сынықтарын Семейден Павлодар қаласына жеткізіп беруін сұрайды. Бұл қызметі үшін оған 160 мың теңге сыйақы беруге уәде етеді. Ұсынысқа келіскен Қ. 10 наурыз күні сағат 18.00-де 27 тонна металл сынықтарын тиеп, Павлодарда бұрыннан өзі металл тапсырып жүрген «Кастинг» ЖШС-не өткізеді. Ал жоғарыда аталған соманы Семейге барғаннан кейін алатынын айтады.
Танысының қомақты қаржы алатынына қызғанышпен қараған Қ. оны өлтіруге бел буады. 12 наурыз күні Семейге келгеннен кейін өз ойын жүзеге асыру үшін қол астында жұмыс істейтін Б.Байтүгеловпен жоспарын бөліседі. Бірақ ол бас тартқан соң, қылмыс істеуді танысы М.Хилькоға ұсынады. Өздерінің арам ойын іске асыру мақсатында олар сол күні Б.-ға бөтен абоненттік нөмірден хабарласып, 1 келісі 59 теңгеден металл сынықтарын сататыны туралы жалған ақпарат береді. Алып-сатумен пайда табатын Б. өзіне М. ұсынған баға тиімді болғандықтан, бірден келісімін берген.
Алдын ала құрған жоспарға сәйкес Қ. металл сынықтарын қабылдау пунктінің үйшігінде Б.-ға 2 022 000 ақшаны беріп жатқанда М. арматура темірдің кесіндісімен басынан соққы жасайды. Кейін қылмыстың ізін жасыру үшін Семей қаласы «Северный» базарынан солтүстік-шығысқа қарай 500 метр жерде орналасқан құм карьеріне апара жатқанда алған ауыр дене жарақаттары салдарынан азамат көз жұмады.
Өзінің қылмыстық жоспарын іске асырып, 2 022 000 теңге пайда тапқан Қ.Сағындықов М.Хилькоға 500 000 теңге, Б.Байтугеловке 20 000 ақша берген.
Қос азамат Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 99-бабы 2-бөлігінің 7,8-тармақтарымен қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 15 жыл бас бостандығынан айырылды. Ал Б. Байтүгелов 4 жылға сотталды. Сонымен қатар сот үкімімен жәбірленуші тарапқа 4 322 000 моральдық шығын төлеу туралы шешім шығарды.